«Тау-Кен Алтын» аффинаж зауытына – 5 жыл

Аффинаж зауыты дайын өнімнің бірінші партиясын – 99.99 сынамалы алтынды 2013 жылғы желтоқсанда шығарды.

«Тау-Кен Алтын» 5 жыл бойы өндіріс көлемін ұдайы арттырып келеді, бүгінгі күнге дейін ҚР Ұлттық банкіне стандартты құймаларда шамамен 66 тонна тазартылған алтын сатылды.

Зауыттың номиналды өндірістік қуаты – жылына 25 тонна тазартылған алтын және 50 тонна тазартылған күміс, бұл ретте өндірістік және технологиялық әлеует жыл сайын 70 тонна алтын және 400 тонна күміс шығаруға мүмкіндік береді.

«Тау-кен Алтын» ЖШС Директоры Рүстем Мақұлбековтың айтуынша, келесі жылы зауыт жоспарлы қуатқа шығады, ал 2018 жылдың қорытындылары бойынша жоспарланған өндірістік көрсеткіштердің 10%-ға артуы күтілуде.

«Тау-Кен Алтын» негізгі өнімдері – салмағы 12 килограмм болатын стандартты құйма түріндегі тазартылған алтын және 30 килограммдық құйма түріндегі тазартылған күміс. Сонымен қатар, зауыт мамандары салмағы 100, 250, 500, 1000 граммдық инвестициялық құймаларды құюдыигеріп, қазақстандық зергерлер сатып алатын тазартылған түйіршіктер өндірісін жолға қойды (өткен жылдың қаңтарынан бастап «Тау-Кен Алтын» 750 және 585 сынамалы зергерлік қорытпаларды өндіруші ретінде тіркелген). Ендігі жоспарда –салмағы 1, 3, 5, 10 граммдық, 1 унциялық инвестициялық құймалар және ғарыш саласы, электроника, медицина және автомобиль жасау үшін бағалы металдардан жасалған жартылай фабрикаттар өндірісі.

«Тау-Кен Алтын» бүгінгі күні аффинаж өндірісі көшбасшыларының қатарынан өзінің орнын берік тапты. Техникалық және технологиялық инновацияларды қолдану арқасында аталған жоғары нәтижелерге қол жеткізілді. Мысалы, Қазақстанда теңдесі жоқ ACIDLESS SEPARATION күмісінің вакуумдық дистилляциясын орнату Алтын Гефест салалық байқауының «Үздік инновациялық жоба» марапатына ие болды. Электрохимиялық аффинаждың қолданылатын технологиясы барлық өндірістік процестердің абсолютті экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Шығарылатын өнімнің сапасын бақылауды қазіргі заманғы аналитикалық жабдықтармен жасақталған аккредиттелген зауыттық зертхана жүзеге асырады.

АНЫҚТАМА ҮШІН: Меншікті аффинаж өндірісінің стратегиялық маңыздылығын Еліміз Президенті бірнеше рет атап өткен болатын. 2011 жылы «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!» индустриялық-инновациялық форумындағы өзінің баяндамасында Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке Астана қаласында алтын өндірісі бойынша зауыт салуды тапсырды. «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауытының құрылысы 2012 жылғы 3 шілдеде басталды.

«Тау-Кен Алтын» ЖШС-і «Тау-Кен Самұрық» Ұлттық тау-кен компаниясының 100%-дық еншілес кәсіпорны болып табылады.

2012 жылға дейін Қазақстан құрамында бағалы металдар бар шикізатты шетелге шығарып, сатып келді, қазір елде қолда бар барлық шикізатты тазарту үшін өндірістік қуаттар жеткілікті.