«Тау-Кен Самұрық» АҚ «Қазақстан кремнийі» ЖШС 100% қатыс үлесін сатып алды.

«Тау-Кен Самұрық» АҚ (бұдан әрі – ТКС) «Бәйтерек» холдингі еншілес құрылымы «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ (бұдан әрі – ҚИҚ) «Қазақстан кремнийі» ЖШС жарғылық капиталындағы 100% қатыс үлесін сатып алды.

«Тау-Кен Самұрық» АҚ Басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағамбетов пен «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ринат Сисембаев «Қазақстан кремнийі» ЖШС жарғылық капиталындағы 100% қатыс үлесін сатып алу-сату келісімшартына қол қойды. Мәміленің құны 13,6 млрд. теңгені құрады. Шарттың талаптарына сәйкес, сома кезең бойынша 8 жыл ішінде төленеді. Қазіргі таңда ТКС 5,3 млрд. теңге көлеміндегі алғашқы төлемді жүзеге асырды. Кестеге сәйкес толық төлем жүргізу 2024 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

Анықтама үшін. «Қазақстан кремнийі» ЖШС балансына Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» АЭА орналасқан металлургиялық кремний өндіру бойынша мүліктік кешен кіреді.

Айта кететін жай, 2013 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кен-металлургия саласы, қатты пайдалы қазбалар бойынша геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі кеңес отырысында ТКС Қарағанды облысындағы кремний өндірісін қалыпқа келтіру мен іске қосу мәселесін қарастыру тапсырылды. 2014 жылғы 15 қаңтарда ТКС пен ҚИҚ арасында Қарағанды облысы Ақтас желілік кварц кен орнының базасында металлургиялық кремнийді өндіру бойынша техникалық аудитке/негізгі жабдықтарға бағалауды жүргізу, іске қосу және іске қосу-жөндеу жұмыстарын дайындау мақсатында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Жобаны іске асыру үшін ТКС жанынан еншілес ұйым «Tau-Ken Temir» ЖШС құрылды, оның мамандары шетелдік компаниялардың мамандарымен бірігіп, техникалық және қосалқы жабдықтарға техникалық аудит жүргізді және ұзақ мерзімді тоқтап тұрудан кейінгі жабдықтардың жұмыс істеу қабілетін қалыпқа келтіру бойынша іс-шаралар жоспарын құрды.

Жөндеу-қалыпқа келтіру іс-шараларының барысында пештің қатып қалған өңешін қорытпалардан тазарту, пештің көмір электродтарын монтаждау, кірпіш қаптамасын жөндеу және пешті басқарудың автоматты бақылау және берілген параметрлер жүйесін тексеру және ретке келтіру, массаны салқындай тығыздау жүзеге асырылды.

2014 жылғы 2 қазанда №1 электр доғалы рудотермикалық пеші іске қосылып, 2014 жылдың 15 қазанында кремний зауытының алғашқы өнімі алынды.

2015 жылғы 25 қыркүйекте №2 пеш іске қосылды. Нәтижесінде зауытты қалыпқа келтіру бойынша жөндеу-қалыпқа келтіру жұмыстарының толық циклі аяқталды. Осылайша, металлургиялық кремнийді өндіру бойынша кәсіпорын толық өндірістік қуатқа шықты. 2015 жылы зауытта 11 250 тн. металлургиялық кремний өндірілді.

Анықтама үшін. Дайын өнім АҚШ, Еуропа елдеріне және Ресейге экспортталады. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 25 мың тонна металлургиялық кремнийді құрайды. Қазіргі таңда зауытта 373 адам жұмыс істейді.