«Tau-Ken Temir» ЖШС директоры Иманқұлов Ербол Базаралыұлы қаза тапты

1988 жылы Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауылының тумасы Ербол Базаралыұлы Алматы қаласындағы Казақ политехникалық институтын «Түсті металдар металлургиясы» мамандығы бойынша тәмамдады. Сол жылы ол «Өскемен қорғасын-мырыш» комбинатында жұмысқа орналасып, еңбек жолын аппаратшы-гидрометаллургтан бастап, зауыт директоры лауазымына дейін көтерілді. 2014 жылдың қаңтарында Ербол Базаралыұлы басқаруында Қарағандыдағы металлургиялық кремний өндіретін зауыты бар «Tau-Ken Temir» ЖШС директоры қызметіне тағайындалды.

Иманқұлов Е.Б. өзінің белсенді әрі жемісті еңбегі үшін III дәрежелі «Еңбек даңқы» мемлекеттік төсбелгісімен, «Қазмырыш» ЖШС үздік күміс белгісімен марапатталған.

Ербол Базаралыұлымен бірге жұбайы Исенғалиева Айжан Сырымқызы мен ұлы Иманқұлов Әділ Ерболұлы да дүниеден озды.

«Тау-Кен Самұрық» ҰТКК» АҚ басшылығы мен ұжымы марқұмның отбасы мен ағайын-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Арты қайырлы болып, жаны жәннатта болғай.