Тұрақты даму талаптарына сәйкес инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру және қатты пайдалы қазындының басым түрлері активтерін тиімді пайдалану есебінен, Қазақстан Республикасының тау-байыту және металлургиялық жобаларын дамыту

ВОЛЬФРАМ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ ҚАЙТА ӨРКЕНДЕУІ

Қазақстан вольфрам саласын қайта дамытуға ниет білдіріп отыр. Бұл туралы Астанада өткен Бүкіләлемдік Тау-кен Конгресінде «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Басқармасының Төрағасы Қанат Құдайберген мәлімдеді.

Қазақстан сирек және өте қажетті металл – вольфрамның расталған мол қорына ие. Республикада өткен ғасырдың 70-ші жылдары вольфрам саласы қалыптаса бастады. Бірақ вольфрамды өндіруге байланысты жобаларды жүзеге асыру бірқатар объективті экономикалық және саяси себептермен 1993 жылы тоқтаған.

Жалпы қазіргі уақытта республика бойынша 12 кен орны зерттелген, олардың жиынтық қорлары 2 млн тоннадан астам вольфрам триоксидімен бағаланады. Ең ірі және перспективалы кен орындары – бұл Жоғарғы Қайрақты және одан 20 шақырымдай қашықтықта орналасқан Солтүстік Қатпар кен орындары (Қарағанды облысы). Осы екі кен орындарының жалпы қорлары бойынша 1 млн тонна вольфрам мөлшерінде бағаланады. Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпар жиынтық қорларын есепке алғанда, Қазақстан әлемдік вольфрам ресурстарының басым бөлігін иеленеді.

Жоғарғы Қайрақты кен орны

2a276c99065274ca45b6b05138931662.jpg

Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпардың жиынтық жобалық қуаты 12500 тонна паравольфрамат аммонийінен (ПВА) артады. Тиісінше, осы кен орындарының жобалық қуаты іске асқан соң, Қазақстан вольфрам өнімдерін өндіру бойынша дүниежүзінде екінші орын алады.

Қазіргі таңда Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпар кен орындарын қосымша зерттеу, өңдеу, жетілдіру, кенді байыту технологиясын тестілеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар көлік және энергетикалық инфрақұрылымдарды қалыптастыру бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр.

Қанат Құдайбергеннің айтуынша, Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпар кен орындарында вольфрам өндіру Қазақстанды әлемдік вольфрам нарығының басты қатысушыларының біріне айналдырады.