Жаңақорған ауданында жаңа қорғасын-мырыш тау-кен байыту комбинатының (КБК) құрылысы басталды.
Бүгін байыту фабрикасының құрылыс жұмыстары жүргізілетін аумақта 2068 жылғы Шалқия ТБК қызметкерлеріне арналған «Уақыт капсуласы» белгісін қою рәсімі өтті.
Комбинаттың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясының Басқарма Төрағасы Қанат Құдайберген және ENGINEERING DOBERSEKGmbH мердігер компанияның бас директоры Альбин Доберсек қатысты.
Болашақта тау-кен байыту комбинаты жоғары сапалы мырыш және қорғасын концентраттарын шығаратын болады. Жобаның құны – 235 млрд. теңге.
Алдын ала зерттеулер бойынша бұл аумақтағы кенді 2051 жылға дейін өндіру және байыту жоспарланған.
«ШалқияЦинк ЛТД» АҚ-ның бас директоры Асқар Жаукенов «өнімділігі 2 млн. тоннаны құрайтын кешеннің 1-ші кезегін 2020 жылғы қазанда пайдалануға беру жоспарланып отыр, ал, қуаты 4 млн. тоннаны құрайтын кешеннің екінші кезеңі өз жұмысын 2021 жылғы қарашада бастайды» деп хабарлады. Айта кету керек, жобаны іске асыру кезеңінде 1500 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, бүгін өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін құрылыс жұмыстары жүргізілетін кәсіпорынның стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, Қызылорда облысының әкімдігі, «Шалқия Цинк» ЛТД» АҚ және ENGINEERING DOBERSEK компаниясы Шалқия КБК құрылысына байланысты мәселелерде бір-біріне өзара қолдау көрсету туралы меморандумға қол қойды.