«ТАУ-КЕН САМҰРЫҚ» АҚ ПЕН EREN ENERJI ELEKTRIK ÜRETIM A.S. КОМПАНИЯСЫ ТОРҒАЙ ЖЭС САЛУ ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРУҒА КІРІСЕДІ

2014 жылғы 19 желтоқсанда «Тау-Кен Самұрық» АҚ Басқарма төрағасы М.Ә.Тұрмағамбетов, «Эрен Холдинг» Директорлары кеңесінің төрағасы Ахмет Эрен мен «Sembol» Басқармасының төрағасы Феттах Таминже Қазақстандағы Торғай жылу-электр станциясы (ЖЭС) жобасы бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ө.Е.Шөкеев құттықтау сөзінде жоба Қазақстан Республикасы жылу-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде инфрақұрылымдық мәселелерін шешу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асып жатқанын атап өтті.

Қостанай облысының әкімі Н.М.Садуақасов өзінің сөзінде жобаны табысты іске асыру, жаңа жұмыс орындарын құруға және толықтай алғанда аймақ экономикасын дамытуға мүмкіндік жасайтындығын атап өтті.

«Эрен Холдинг» Директорлары кеңесінің төрағасы Ахмет Эрен қазақстандық басшыларды сенім артқаны үшін алғыс айтты және Торғай ЖЭС жобасын іске асыруға дайын екендігін растады.

Жоба бойынша Тараптар Eren Enerji Құсмұрын кен орны №3 учаске көмірін техникалық зерттеуді аяқтайтынына және бастапқы техникалық-экономикалық негіздемені әзірлейтініне келісті.

Қол қойылған меморандумға сәйкес жобаны қаржыландыруды «Тау-Кен Самұрық» АҚ пен Eren Enerji қамтамасыз ететін болады, жобаны іске асыру үшін электр станциясын салу және көмір кен орнын игеру бойынша бірлескен кәсіпорын құрылатын болады.

Іс-шаралар бағдарламасын қатысушылар брифингі жалғастырды.

Жобаны іске асыру, Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы электр жүктемесінің орнын толтыруды қамтамасыз етеді және Қазақстанның біртұтас электр-энергетикалық жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік жасайтын болады.