Құрамында Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен бизнес-құрылымдарының өкілдері болған делегация дипломатиялық корпустың қолдауымен Лондонда және Торонтода «Қазақстандағы тау ісі» тақырыбында Road-шоу ұйымдастырды.
Сапар барысында сондай-ақ транс ұлттық компаниялар (Freeport-McMoRanCopper&GoldInc) басшыларымен және Ұлыбритания мен Канаданың мемлекеттік органдарының жоғары лауазымды қызметкерлерімен бірқатар кездесулер өтті. Жүргізілген келіссөздер әлемдік іскер топтар тарапынан Қазақстанның тау-кен секторына деген қызығушылықтың жоғары екенін растады. Бұл жер қойнауын пайдалану саласындағы отандық заңнаманы ырықтандыру процесімен де, жалпы инвесторларға қатысты адал мемлекеттік саясатпен де байланысты. Сонымен қатар, кездесулер барысында оң үрдістермен қатар саладағы инвестициялық белсенділікті тежейтін мәселелер кешенінің бар екендігі айтылды. Бірінші кезекте бұл сандық деректер базасының болмауы және геологиялық ақпаратқа қол жетімділіктің жеткіліксіздігі.
Торонто қаласында қазақстандық делегация 1-4 наурыз аралығында өткен PDAC 2020 пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі Дүниежүзілік конференцияға қатысты. PDAC – бұл тау-кен секторында жұмыс істейтін мамандарды, компаниялар мен ұйымдарды дәстүрлі түрде жинайтын диалог алаңы. Жыл сайын іс-шараға шамамен 1000 компания және 130 елден 24000 адам қатысады.
Қазақстандық тау-кен компаниялары әлеуетті серіктестерге республиканың инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылған жеке сессия аясында сөз сөйледі. «Taý-Ken Samuryq» Басқармасының Төрағасы Қанат Құдайберген Қазақстандағы базалық металдарды өңдеудің ерекшеліктері мен перспективалары туралы егжей-тегжейлі айтып, Ұлттық компанияның шетелдік инвесторлар үшін сенімді серіктес болуға дайындығын атап өтті.