«Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы мен Cove Capital американдық инвестициялық компаниясы Қостанай облысындағы «Ақбұлақ» учаскесінде бірлескен геологиялық барлауды бастайды.
Тарихи деректер бойынша, учаскеде өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларында сұранысқа ие сирек кездесетін жер элементтерінің қоры бар. «Ақбұлақ» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған келісімшарт «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Қазгеология» АҚ-ға тиесілі.
«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Бахыт Чирчикбаев пен Cove Capital компаниясының құрылтайшысы және басқарушы серіктесі Пини Альтхаус геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін «Негізгі шарттар туралы келісімге» қол қойды.
Атап айтқанда, «Қазгеология» АҚ мен Cove Capital тараптарының қатысу үлесімен күрделі бірлескен кәсіпорын құру көзделіп отыр: «Қазгеология» АҚ – 25%, Cove Capital – 75%. Cove Capital тауарлық материалдық құндылықтар балансқа қойылғанға дейін барлау жұмыстарын толығымен қаржыландырады.
Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың қыркүйегінде «Самұрық-Қазына» АҚ мен Cove Capital сыни шикізат, атап айтқанда, сирек кездесетін металдар бойынша ынтымақтастық бөлігінде Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын.
Cove Capital 2015 жылы құрылды, компанияның офистері Мельбурн және Нью-Йоркте (бас офис) орналасқан. Cove тау-кен өнеркәсібіне, жаңартылатын энергия көздеріне, экологиялық таза технологияларға инвестиция салады.