2016 жылғы 20 сәуірде «Тау-Кен Самұрық» АҚ басшылығы Ұлыбританияның сауда және инвестициялар министрлігі Мемлекеттік Департаментінің өкілі Рос Лунд бастаған Ұлыбритания делегациясымен кездесті.
Басқосу аясында «Тау-Кен Самұрық» АҚ (ТКС) мен британдық компаниялар арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың мәселелері талқыланды. Шетелдік мердігерлерге ТКС инвестициялық жобалары таныстырылды. «Қызылорда облысы Шалқия кен орнындағы полиметалл рудасын өнеркәсіптік игеру» жобасы британдық өндірушілерде үлкен қызығушылық тудырды. Қос тарап аталған жобадағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын қарастыру мүмкіндігін талқылады.
Сондай-ақ, кездесу барысында Рос Лунд 2016 жылдың жаз айында Лондонда өткізілетін бизнес-форум туралы айтып өтті. Ол ТКС басшылығын аталған ауқымды іс-шараға шақыра отырып, сапар барысында Ұлыбритания зауыттарындағы британдық компаниялардың жаңа технологияларымен таныстыруға дайын екендігін жеткізді. Өз кезегінде ТКС басшылығы британдық компаниялармен ынтымақтастықты орнатып, оны дамытуға дайындықтарын білдірді.
2016 жылғы 21 сәуірде «Тау-Кен Самұрық» АҚ Басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағамбетов Қазақстан Республикасындағы Швецияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Христиан Камилл бастаған Швеция делегациясымен кездесті. Делегация құрамына «ABB», «Alfa Laval», «Erost Group LLC», «Jensen Ventilation», «Scania», «SWEDFAN», «Xylem» сынды тау-кен саласында жұмыс істейтін ірі шведтік компаниялардың басшылары мен өкілдері кірді.
Кездесу барысында делегация мүшелері «Тау-Кен Самұрық» АҚ (ТКС) жобалары туралы алдын-ала ақпараттанғандарын білдірді. Өз компанияларының негізгі қызметі туралы мағлұмат берген шетелдік қонақтар, жаңа инновациялық технологияларды енгізу арқылы ТКС бірқатар жобаларын бірігіп іске асыруға және кәсіпорындарының өндірісін жаңғыртуға ниет танытты. Сонымен қатар, шведтік бизнесмендер ТКС басшылығы мен өкілдерін өздерінің кәсіпорындарының жұмысымен, сондай-ақ өндірістік процестерде қолданылатын жаңа технологиялармен және техникалармен таныстыру мақсатында Швецияға шақырды. Басқарма төрағасы М.Тұрмағамбетов делегация басшысы Х.Камилл мырзаға және делегацияның барлық өкілдеріне іскерлік сапарлары үшін алғыс білдіріп, шведтік кәсіпкерлермен екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін білдірді.