Зауыт тазартылған қымбат металдарды өндіреді. Мұнда қолданылатын қоспалардан тазарту технологиясының ТМД-да баламасы жоқ. «Тау-Кен Алтын» зауыты шығаратын алтын құймаларының ең жоғары сапасы LBMA «Good Delivery» сертификатымен расталған. Кәсіпорын іске қосылғаннан бері 2013 жылғы желтоқсанда барлығы 336,7 тонна тазартылған алтын және 64,2 тонна күміс өндірілді.
«Тау-Кен Алтын» ЖШС директоры Айнұр Айдарханов зауыт энергия тұтыну, су мен жылу шығынын азайта отырып, ESG-қағидаттарын белсенді енгізгенін, сондай-ақ катализаторлар мен қалдықтарды қайта өңдеуді дамытып жатқанын айтты. Бұл шикізат базасын кеңейтуге әрі нарықтағы ұстанымды нығайтуға мүмкіндік береді.
Премьер-министр зауыттың қызметі Қазақстанның бағалы металдардың әлемдік нарығындағы ұстанымын нығайтуға ықпал ететініне тоқталды. Жалпы, мұндай өндірістік жобалар ел экономикасын әртараптандыру жөніндегі стратегияны іске асыруда шешуші рөл атқарады.
«Мемлекет басшысы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін толық ашу міндетін қойды. Бізде бұл үшін барлық мүмкіндіктер мен қажетті құралдар бар. Қолайлы жағдайлары бар осындай индустриялық парктер өнеркәсіп секторының дамуына ықпал етеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда әртүрлі салалық бағыттағы 14 арнайы экономикалық аймақ және 20-дан астам индустриялық аймақ жұмыс істейді. Біз бұл тәжірибені жалғастырамыз әрі кеңейтеміз. Біздің міндетіміз – жоғары деңгейде қайта өңдеуді дамыту, отандық шикізатты тиімді пайдалану және қайта өңдеу, сондай-ақ ірі кәсіпорындардың айналасында сабақтас өндірістерді қалыптастыру. Импортқа тәуелділікті төмендетіп қана қоймай, қосылған құны айтарлықтай жоғары өнімдердің экспортын арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер жасау маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.