Қазақстанға ресми сапары аясында Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбо бүгін «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауытына барып қайтты.
ХЕҰ басшысымен бірге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, «PARYZ» жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы төралқасының төрағасы Жұмабек Жанықұлов және «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясының топ-менеджменті келді.
Жильбер Унгбо зауыттың цехтарын аралап көрді, жұмысшылармен және кәсіпорын басшылығымен әңгімелесті. Аффинаж зауытының директоры Асқар Тілеулин ХЕҰ басшысына «Тау-Кен Алтын» ЖШС жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау шаралары, сондай-ақ болашаққа, атап айтқанда, ESG күн тәртібіне қатысты жоспарлар туралы айтып берді.
Бүгін «Тау-Кен Алтын» зауыты мен «PARYZ» ЖҰК еңбек, әлеуметтік және олармен байланысты экономикалық мәселелер бойынша өзара іс-қимылды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.