PDAC-2023

5-8 наурыз аралығында Канаданың Торонто қаласында PDAC-2023 Дүниежүзілік форумы өтіп жатыр. Бұл геологиялық сала мен тау-кен секторының проблемалары талқыланатын ең маңызды және өкілді диалог алаңдарының бірі, мұнда жыл сайын 130-дан астам елден 25 мыңға жуық келушілер келеді. Биылғы жылы еліміз алғаш рет PDAC көрмесіне Ұлттық павильонды ұсынды. Форумға Қазақстан атынан үлкен делегация – үкімет мүшелері, жеке бизнес пен ұлттық компаниялардың, соның ішінде «Taý-Ken Samuryq» компаниясының өкілдері қатысады.

Сонымен қатар Торонтода алғаш рет «Тау-кен металлургия саласындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты Қазақстан-Канада бизнес-форумы өтті. Форумда «Taý-Ken Samuryq» UTK» АҚ Басқарма төрағасы Бахыт Чирчикбаев компанияның перспективалық жобалары мен ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы айтты.

Бизнес-форумға мемлекеттік органдардың, бизнес-қауымдастықтардың, сондай-ақ жетекші канадалық компаниялардың өкілдері: Hatch, CAMECO Corporation, B2Gold, Arras Minerals, Nutrien, Teck Resources Limited, Ion Energy және т.б., барлығы 150-ге жуық делегат қатысты.

2022 жылы Қазақстан мен Канада арасындағы тауар айналымы 838,6 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 69,2%-ға жоғары. 2011 жылдан бері Канададан Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция ағыны шамамен $2,7 млрд құрады.