​Қош келдің, Әз-Наурыз!

Ақтың молаятын, бар тіршілік атаулысының жаңарып, өмірдің жаңғыратын кезеңі, шығыс елдері халықтарының жаңа жылы болып табылатын Наурыз думанын атап өту барысында компания қызметкелері ежелден келе жатқан ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырып, жуырда ғана шаңырақ құрған ерлі-зайыпты – компанияның қос қызметкерінің үйлену тойын барлық дәстүрге сәйкес нағыз қазақи нақышта атап өтіп, «Қыз көру», «Қыз айттыру», «Қызға сырға салу», «Құда түсу», «Қыз ұзату», «Беташар» және тағы да басқа дәстүрлерге арнайы қойылымдар жасады.

Мемлекеттік тілде өткізілген мерекелік іс-шараға компанияда қызмет атқаратын түрлі ұлт өкілдері белсенді түрде қатысып, қазақ тілінде ұлттық әндер, көне дәстүрден келе жатқан нақыл, өсиет сөздер айтты, бір-біріне жұмбақтар жасырып, домбыра аспабында түрлі музыкалық шығармалар орындады.

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында «Тау-Кен Самұрық» АҚ басшылығы мен барлық қызметкерлері барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, әр отбасыға амандық, молшылық пен татулық тілейді. Жеріміз аман, еліміз тыныш болсын!

 

 

Құрметпен, «Тау-Кен Самұрық» АҚ