Нұрлыбек Нәлібаев өнімділігі жылына 4 млн тонна кен өндіретін тау-кен байыту фабрикасының құрылыс барысымен таныса келе, жұмысшылармен әңгімелесіп, шахтаға түсті.
«ШалқияЦинк» АҚ және тау-кен мердігері «Кинг Майнинг Констракшн» ЖШС өкілдері болашақ өндірістің технологиялық ерекшеліктері туралы айтып берді. Қазіргі уақытта тау-кен жұмыстары белсенді кезеңінде, шахтаның құрылысы тау-кен-күрделі қазбаларды қазуды, желдету жүйесін және камералық қазбаларды, оның ішінде кен беру кешенін салуды қамтиды. Шалқия полиметалл кен орнында салынып жатқан байыту фабрикасының соңғы өнімі қорғасын-күміс және мырыш концентраттары болмақ.
Пайдалану кезеңінде кәсіпорынның жалпы өңірлік өнімге күтілетін үлесі шамамен 2 трлн 400 млрд теңге, жыл сайынғы салық аударымдары 20 млрд теңге деңгейінде жоспарланып отыр.