Тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар пневматикалық флотомашиналарды пайдалану нәтижесінде қорғасын мен күміс алу көрсеткіштерінің едәуір жақсарғанын растады. Сонымен қатар XRT-айыру әдісімен кенді алдын ала байытудың технологиялық тізбегіне қосу өңдеуге түсетін кендегі бос жыныстың көлемін 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні Алайғыр кен орнында байыту фабрикасының құрылыс жобасы бойынша ЕРС келісімшарты шеңберінде (2020 жылғы қарашада отандық кәсіпорындар консорциумымен жасалған) байыту фабрикасының қаңқасы тұрғызылды, қалдық қоймасы бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2021 жылғы қарашадан бастап жетекші әлемдік өндірушілерден технологиялық жабдықтарды жеткізу басталды. Қазірдің өзінде ұсақтау, флотациялау учаскелері ішінара жасақталып, зертханалық жабдықтар жеткізілді.
Нысанда екі кіші электр станциясы, ұзындығы 142,5 км 110 кВ жоғары вольтты желі, 2 су тарту ұңғымасы, флотоконцентрат қоймасы бар теміржол тұйығы және өндірістік-әкімшілік ғимарат салынып, пайдалануға берілді. JORC 2012 Кодексінің стандарттары бойынша Feasibility Study (ТЭН) әзірлеу аяқталды.
Инфрақұрылым нысандары, ЖЖМ қоймасы, вахталық кент бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылып, тау-кен дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жобалық қуаты 900 мың тонна кен ТКК-ны іске қосу 2022 жылдың 4-тоқсанына жоспарланып отыр.
Анықтама: «Алайғыр» БК» ЖШС-ның 100% қатысу үлесі «Taý-Ken Samuryq» UTK» АҚ-ға тиесілі. «Алайғыр» БК» ЖШС Қарағанды облысында, Қарқаралы және Шет аудандарының шекарасында, Қарағанды қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 км жерде орналасқан «Алайғыр» полиметалл кен орнын игерумен айналысады. Кен орнының расталған қоры шамамен 1 млн тонна қорғасын.