19 тамыз Астана қаласында «Самұрық-Қазына» АҚ 15 жылдығына орай Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов Қор компаниялар тобы қызметкерлері арасындағы VIII Спартакиадаға бастау берді.
Ауқымды сайыс барысында Қор құрамындағы 16 компания еңбеккерлері 11 спорт түрінен күш сынасуда.
«Самұрық-Қазына» компаниялары қызметкерлері арасындағы 8-ші спартакиада қатысушыларына жалынды сәлем! Биыл ауқымды спорт сайысы Қордың 15 жылдығына арналуда. Бұл дегеніңіз, біз Қазақстандағы 250 мыңнан астам қызметкері бар ең ірі жұмыс беруші ретінде салауатты өмір салтын қолдаймыз. Бүгінгі салтанатты шеруге қарап, әріптестеріміздің спортты тұрақты серік еткеніне кезекті рет куә болып отырмыз. Отбасыларыңыздың да жанкүйер болып келгені қуантады. Оларға, яғни балалар мен ересектерге бөлек бағдарлама дайындадық. Баршаңызға спорт мерекесінде ерекше естен кетпес қызықты сәттер, биік белестер тілеймін. Спартакиада суперфиналын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!», – деді салтанатты ашылу рәсімінде өзі де спорттың бірнеше түрімен, оның ішінде жүзумен белсенді айналысатын Қор басшысы Нұрлан Жақыпов.
Осылайша «Samruk United» құрамасы, «Қазпочта» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Эйр Астана», «КEGOС» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Qazaq Air» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «QAZAQGAZ» ҰК» АҚ, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ, «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» ЖШС, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ және «Самұрық-Энерго» АҚ спортты серік 845 өкілі жекелей жарыстар тұрғысында үстел теннисі мен шахмат, тоғызқұмалақ, армрестлинг, жүзуден тартысқа түссе, ал топтық аламандарда футзал, волейбол, баскетбол, арқан тарту, асық ату және киберспорт бағыттарында жеңіске ұмтылады.
Спартакиаданы өткізудегі негізгі мұрат – корпоративтік мәдениет пен ұжым ішіндегі байланыстарды нығайтып, барлық қатысушыны «Бір команда – бір мақсат!» ұраны аясында ортақ идеяның айналасына біріктіру, жеңіске бірге жету идеясын насихаттау. Мұнай-газ өнеркәсібі, металлургия, көлік және басқа да инфрақұрылымды қоса алғанда көптеген экономика салаларында сенімді серіктес компаниялар спортта да көшбасшы екенін дәлелдемек.