Еліміздегі кен өндіру саласы шикізат тапшылығын сезініп отыр. Компаниялар өндіріс көлемін ұлғайтуға ниетті, бірақ геологиялық барланған табиғи ресурс көлемі жыл санап азайып келеді. «Мысалы, мыс, мырыш және алтынның барланған көлемі алдағы бірнеше онжылдықта түгел түгесіліп мүмкін», – дейді мамандар. Кен өндіруші компаниялар бұл проблеманы қалай шешпек? Шикізат тапшылығын сезініп отырғандардың бірі – «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы. Холдингтің аффинаж зауыты өндіріс көлемін тағы 60% арттырып, алтын өндіруді қосымша 40 тоннаға дейін ұлғайтуға толық мүмкіндігі бар. Бірақ алтын азайып барады. Қанат Құдайберген, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Басқарма Төрағасы: – Ешқандай қаржы салмай-ақ алтын өндірісінің көлемін қосымша 40 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндігіміз бар. Қазцинк өзінің қуатын 2 есе арттыра алады. Бірақ бұл күш пайдаланылмай келеді. Себебі барланған алтын қоры аз. «Бұл проблеманы шешуге болады», – дейді мамандар. Ол үшін де «Тау-Кен Самұрық» Қазақстанның тау-кен-металлургия секторында жұмыс істейтін юниорлық компанияларға қаржылық, эксперттік әрі маркетингтік қолдау көрсетуге әзір. Осы орайда арнайы бағдарлама да әзірленіпті. Қанат Құдайберген, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Басқарма Төрағасы: – Сол компанияларды қолдау жөнінде арнайы бағдарлама қабылданып жатыр. «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен сол жобаны биыл бекітіп, 2020 жылы іске қоспақ ойымыз бар. Оны іске қосқан жағдайда нарықты жақсы дамытуға өте жақсы мүмкіндік туады. Ұлттық компания осыған дейін кремний зауытын жандандыруға қол ұшын созды. Бұрынғы иелері зауытты техникалық жағынан әбден тоздырып жібергеніне қарамастан, «Тау-Кен Самұрық» оны сақтап қалды. Дегенмен, қазір нарықтағы кремнийдің құны арзандап кетті. Соның салдарынан Еуропадағы бірнеше зауыт өз жұмысын тоқтатты. Көрші Ресейдегі 2 кремний зауыты да жабылудың да сәл алдында тұр. Қанат Құдайберген, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Басқарма Төрағасы: – Кремнийдің халықаралық бағаларына байланысты ол жұмыс кешеуілдеп қалды. Бірақ негізі өндірісте жақсы нәтижелерге жеттік. Одан басқа солтүстік қатпар, жоғарғы қайрақты вольфрам кен орындары бойынша геологиялық зерттеу жұмыстарын аяқтадық. Ұлттық компания әлемдік нарықта қалыптасқан кез келген жағдайды ел экономикасына ұтымды пайдалануға тырысады. Осылайша компания Қарағанды облысында вольфрам өндіруді қолға алады. Сирек кездесетін металдың екі кен орны табылып, игеруге дайын тұр. «Ал аталған зауыттың іске қосылып, жұмыс істеп кетуі нарықта туындайтын жаңа тәуекелдерді алдын алуға мүмкіндік береді», – дейді мамандар. Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов