Геологиялық барлауға 55 млрд теңге жеке инвестиция тартылды

«Тау-Кен Самұрық» Қазақстан аумағында қатты пайдалы қазбаларды барлауға 55 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартты. Ұлттық тау-кен компаниясы әлемдік тау-кен өндіру және геология саласының көшбасшыларымен серіктестікте бірқатар перспективалы геологиялық барлау жобаларын іске асыруда.

«Тау-Кен Самұрық» жұмыс істейтін әріптестер мен инвесторлар қатарында Fortescue Metals Group, Rio Tinto, Yildirim Holding, Esan Eczacıbaşı, Cove Capital, Solidcore Resources, Discovery Ventures сияқты ірі әлемдік компаниялар мен холдингтер бар. Халықаралық серіктестер қазақстандық геологиялық барлау жобаларына қаржы ресурстарын ғана емес, көбінесе, өздерінің технологиялық және ғылыми құзыреттерін де жұмылдырады.

Нариман Абсаметов, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Басқарма төрағасының м.а.: «Кеше Үкімет отырысында Премьер-министр отандық геологиялық барлауды жаңа деңгейге көтеруге және мемлекет кірісін арттыруға көмектесетін бірқатар маңызды бастамаларды атап өтті. Біз Ұлттық тау-кен компаниясы ретінде инвесторларды тарту бойынша жұмыстарды белсенді атқарып жатырмыз. Мысалы, 2024 жылы біз АҚШ пен Оңтүстік Кореядағы әріптестерімізбен бірнеше тұжырымдамалық келісімге қол жеткіздік. Бұл ынтымақтастықтың векторлары сирек және сирек кездесетін элементтерді бірлесіп іздеуге және оларды жеткізудің тұрақты тізбектерін құруға бағытталған».

Атап айтқанда, АҚШ Мемлекеттік Департаменті, Ұлттық Геологиялық Қызметі және «Тау-Кен Самұрық» арасындағы үшжақты меморандум Арал өңірінің ресурстарына тәуелсіз бағалау жүргізуді көздейді. Cove Capital инвестициялық компаниясымен келісім шеңберінде Қостанай облысындағы перспективалы учаскеде геологиялық барлау жүргізіліп жатыр. Оңтүстік Кореяның KIGAM геология және минералдық ресурстар институтының сарапшыларымен бірлесіп қазақстандық мамандар Қазақстанның тау-кен секторына инновациялық технологиялық шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін зерттеуде.