Отандық және шетелдік сарапшылар онлайн форматта салада болып жатқан өзгерістер туралы әңгімелеп, проблемаларды талқылады және олардың шешу жолдарын ұсынды. Форумға «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-ның атынан Бизнесті дамыту жөніндегі бас директор Нариман Әбсаметов қатысты. Ол пленарлық сессияда ұлттық компанияның шетелдік инвесторлармен бірлесіп, оның ішінде «юниорлық» бағдарлама шеңберінде іске асырып жатқан жобаларын атап өтті. 2020 жылдан бастап Тау-Кен Самұрық Discovery Ventures және SH Minerals-пен ынтымақтастық құрып келеді. Операторлық келісімдер аясында Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында геологиялық барлау жүргізіледі. Тау-Кен Самұрық ірі геологиялық барлау жобасын әлемдік тау-кен өндіру саласының көшбасшысы – Fortescue Metals Group компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады. Осы жұмыстар арқылы ұлттық компания жер қойнауын зерттеу дәрежесін арттыруға және елдің ресурстық базасын күшейтуге ықпал ете отырып, отандық геологиялық барлау саласын дамытуға шынайы үлес қосуда.