12-ші АММ конгресі тау-кен металлургия саласының кәсіпқойларының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ұлттық және халықаралық компаниялардың, инвестициялық қор өкілдерінің және кәсіпорын басшыларының басын қосты.
Бұл жолы Конгреске әлемнің 13 елінен (Австрия, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Иран, Қазақстан, Канада, Камерун, Моңғолия, Норвегия, Ресей, ОАР, Украина) 817 делегат келді. АММ-2022 пікірталастарының негізгі тақырыбы – ТМК-нің елдік әлеуметтік-экономикалық өміріндегі рөлі, ESG аспектілері, бағалы металдар саласын дамытудың үрдістері мен сын-тегеуріндері, цифрлық жаңғырту, декарбонизация, «жасыл» металлургия, корпоративтік мәдениетті жетілдіру және кәсіби кадрларды даярлау мәселелері.
«ТМК кәсіпорындарының елдік әлеуметтік-экономикалық өміріндегі рөлі» пленарлық отырысы аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов кен-металлургия кешенінің мемлекеттің дамуындағы және қатардағы қазақстандықтардың, оның ішінде осы секторда еңбек ететін 230 мыңнан астам адамның әл-ауқатын арттырудағы тарихи рөлін атап өтті.
Жеке дөңгелек үстел геологиялық барлаудағы инновациялық технологиялар мен әдістерге арналды. «Taý-Ken Samuryq» UTK» АҚ Жобаларды басқару жөніндегі бас директоры Әсел Рахимова вольфрам кен орындарына арналған инновациялық кенді алдын ала байыту және үймелеп шаймалау технологиясы туралы баяндама жасады. Инновациялық жобаны алдын ала бағалау кен орнын игеру жобасының экономикалық көрсеткіштерінің жақсарғанын және кен орнының вольфрамынан алынатын қорларының 48,7%-ға өскенін көрсетеді. Осы әдістерді енгізу жобаның бәсекелес жобалар алдындағы технологиялық артықшылықтарын қамтамасыз етеді, минералдық ресурстарды неғұрлым кешенді пайдалануға, Жоғарғы Қайрақты кен орнының ресурстарынан өндірілетін тауарлық өнімнің номенклатурасын кеңейтуге және сайып келгенде, қосылған құны жоғары рентабельді өндіріс құруға ықпал ететін болады.