Бірлескен кәсіпорын (БК) құру туралы келісімге бүгін «Қазгеология» АҚ бас директорының м.а. Дәурен Әбуов пен Sove Kaz Capital Group LLC американдық инвестициялық компания CEO Пини Альтхаус қол қойды.
Қазақстан-Америка БК Қостанай облысындағы «Ақбұлақ» учаскесінде (Арқалық қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 35 км жерде) геологиялық барлау жобасын іске асырады. Тарихи геологиялық мәліметтерге сәйкес учаскеде сирек кездесетін жер элементтерінің қоры бар.
«Ақбұлақ» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған келісімшарт «Қазгеология» АҚ-ға тиесілі. Қорлар балансқа қойылғанға дейін жобаны американдық тарап қаржыландырады, содан кейін қаржыландыру БК-ға қатысу үлесіне пропорционалды түрде бөлінеді. Бұдан бұрын хабарланғандай, «Қазгеология» АҚ-ға қатысу үлесі БК-да 25%, Cove Kaz Capital Group-та 75% тиесілі болады.
Cove Kaz Capital Group LLC 2015 жылдан бері геологиялық барлау кезеңінен бастап құрылыс кезеңіне дейінгі тау-кен жобаларына инвестиция салатын Cove Capital LLC халықаралық инвестициялық тобына кіреді. Cove Capital кеңселері АҚШ пен Австралияда орналасқан. Қазақстанда топ «KAZ Critical Minerals» ЖШС-ға (KAZ Resources LLC (АҚШ) арқылы) иелік етеді.
«Қазгеология» АҚ портфелінде Rio Tinto, Yildirim Holding A.S., Solidcore Resources plc, «Казцинк» ЖШС және «Қазақмыс» ЖШС сияқты шетелдік және қазақстандық серіктестермен мыс, алтын, полиметалдар, темір және хром іздеу бойынша 30-дан астам инвестициялық жоба бар, компания сондай-ақ ALS Limited-пен кернді талдау бойынша геохимиялық зертхана – «ALS Казгеохимия» ЖШС бірлескен жобасын іске асыруда.
2023 жылы «Қазгеология» АҚ дауыс беретін акцияларының 100%-ы «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясына берілді.