Вольфрам кенін байытудың жаңа технологиясы Жоғарғы Қайрақты кен орнындағы тау-кен металлургия кешенін пайдаланудың барлық мерзімінде оның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Аталған кен орнында өндірудің басталуы Қазақстанды әлемдік вольфрам нарығының негізгі қатысушыларының біріне айналдырады. Вольфрам өзінің айрықша экстремалды қаттылық, жоғары тығыздық және отқа төзімділік қасиеттерінің арқасында әлемдегі ең көп ізделінетін металлдардың бірі болып саналады.
Зерттеулер мен жартылай өнеркәсіптік сынақтар «Солтүстік Қатпар» ЖШС-ның тапсырысы бойынша вольфрам кендерін қайта өңдеуге маманданған ҚХР-дың жетекші зерттеу орталықтарының базасында өткізілді. Алынған мәліметтер негізінде байыту фабрикасы мен гидрометаллургиялық зауытты жобалау үшін технологиялық регламенттер әзірленді. Жүргізілген технологиялық зерттеулер кенді алдын ала байыту, алдын ала байыту концентратын флотациялық байыту және флотоконцентратты гидрометаллургиялық қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды қамтыды.
Ғани Құлмұхамедов, «Северный Катпар» ЖШС-ның бас технологы: «Флотоконцентрат үлгісінде күшәланың болмауы және жалпы құрамында бөгде қоспалардың аз болуы ерекше маңызды.
Флотоконцентраттан алынған аммоний паравольфраматының үлгісі барлық нормативтік талаптарға сәйкес келеді, соңғы өнімге вольфрамды алудың жоғары деңгейіне қол жеткізілді».
Жоғарғы Қайрақты кен орны Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыда маңызды: Measured+Indicated+Inferred санатындағы JORC стандарттары бойынша ресурстар көлемі 712 мың тонна вольфрам үштотығын құрайды. Алайда минералды құрамның ерекшеліктеріне байланысты бұрын жасалған технологиялар экстракцияның жоғары деңгейіне сенуге мүмкіндік бермеді.
Анықтама: Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орны Қарағанды облысының Шет ауданында, Қарағандыдан оңтүстікке қарай 130 км жерде орналасқан. Кен орнын игеру жобасының операторы «Северный Катпар» ЖШС – «Taý-Ken Samuryq» UTK» АҚ-ның 100% еншілес кәсіпорны. Жобаның ТЭН-ін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.