Зауыт 2013 жылғы желтоқсанда пайдалануға енгізілген. Ол Астана қаласының шегінде орналасқан, сондықтан бұл жерге экологиялық тұрғыда ерекше көңіл бөлінеді. «Тау-Кен Алтын» мамандары Ахметжан Есімовке барлық цехтарды таныстырды, қымбат бағалы металдар өндірісінің толық технологиялық циклін көрсетті, және аффинаждың барлық кезеңінде абсолютті экологиялық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі деп сендірді.
Зауыт құрамында артық қоспалары көп шикізатты барынша тазалап, кемінде 99,99% таза дайын өнім алуды қамтамасыз ете отырып, ең төмен сапалы шикізатты да өңдей алады. Қолданылатын барлық жабдықтар Еуропа Одағының техникалық стандарттарына сәйкес келеді және қазақстандық нормаларға бейімделген.
Аффинирленген алтынды сатып алуға басымды құқық еліміздің Ұлттық банкіне тиесілі. Бұдан басқа, «Тау-Кен Алтын» қымбат бағалы металдың инвестициялық құймаларын шығарады. Зауыт «Good Delivery» мәртебесін алуға өтініш бергені белгілі. Лондан қымбат бағалы металдар нарығына қатысушылар қауымдастығының (The London Bullion Market Association, LBMA) оң шешімін алған жағдайда, «Тау-Кен Алтын» таңбасымен шығарылған аффинирленген алтын инвестициялық объект ретінде ерекше құндылыққа ие болады.