«Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы мен ХБО кадрларды даярлау, қайта даярлау, тағылымдамадан өткізу, біліктілігін арттыру, сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлектерін жұмысқа орналастыру бөлігінде өзара ұйымдастырушылық, консультациялық және ақпараттық-талдамалық қолдау көрсетуге келісті.
Бүгін Астанада ынтымақтастық туралы меморандумға «Тау-Кен Самұрық» басшысы Бахыт Чирчикбаев пен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов қол қойды. Құжат тау-кен компаниясының кадрлық сұранысын қанағаттандыруға бағытталған бірлескен қызметті реттейтін болады.
«Тау-Кен Самұрық» үшін қажеттілігі неғұрлым жоғары мамандықтар тізбесіне геологтар, металлургтар (технологтар), маркшейдерлер, геодезистер, байытушылар, инженер-химиктер, құрылысшылар, инженер-шахта құрылысшылары және ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі мамандар кірді. Халықаралық бағдарламалар орталығы жұмыс істеген уақытта аталмыш бағыттар бойынша үздік әлемдік жоғары оқу орындарында 564 адам даярлықты аяқтады.
Анықтама: «Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылғы 5 қарашада құрылған. Бағдарламаның мақсаты – ел экономикасының басым секторлары үшін мамандар даярлау. Бағдарлама әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде академиялық оқудан (магистратура, докторантура), сондай-ақ ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды.