«Тау-Кен Алтын» өз өнімдерінің жоғары сапалы екендігін растады және әлемге сенімді әріптес ретінде танылды. Кемінде 99,99% таза алтын өндіретін аффинаж зауыты Лондондық бағалы металлдар нарығы қауымдастығының (The London Bullion Market Association, LBMA) «Good Delivery» сертификатын алды.
«Good Delivery» сертификаты бар бағалы металлдар барлық әлемдік биржа саудаларында шектеусіз қабылданады. Бұл инвестистиция объектісі ретінде «Тау-Кен Алтын» таңбасымен шығарылатын тазартылған алтынның бағасын едәуір жоғарылатады.
Сертификатты алу рәсімдері едәуәр күрделі және ұзақ: «Тау-Кен Алтын» бірнеше кезеңдің аудиторлық тексерістен өтті, лондондық биржа сарапшылары технологиялық процесстерді, зауыт зертханасының халықаралық талаптарға сәйкестігін, мамандардың біліктілік деңгейін тексерді. Бұдан басқа, кәсіпорын қызметінің тарихына, оның қаржылық ахуалына қатысты, сондай-ақ, «LBMA жауапты алтын бойынша нұсқаулық» талаптарының орындалуына қатаң тексерулер жүргізілді.
«Good Delivery» сертификаты – бұл алтынның тек халықаралық стандарттарға (сынамасы, мөлшері, салмағы, құймасының сыртқы түрі) сәйкестігін растау ғана емес, сонымен қатар, оның кіршіксіз заңды тазалығына, сондай-ақ, кәсіпорын қызметінің сенімділігіне, ашықтығына және жақсы беделіне кепілдік болып табылады.
АНЫҚТАМА: «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауыты «Taý-Ken Samuryq» ҰТК» АҚ-ның 100% еншілес ұйымы болып табылады. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймақтың индустриалдық паркінің аумағында орналасқан. Өндірістік қуаты – жылына 25 тонна тазартылған алтын және 50 тонна тазартылған күміс.