«ТМК өнеркәсіптік саясаты: Инвестициялар, Жаңарту, Өндіру» ағымдағы жылғы конгрестің басты тақырыбы болды. Кең ауқымды іс-шаралар аясында ТМК: тау ісі, геология және металлургия саласында форумдар, іскерлік кездесулер және көрме өткізілді.
«Тау ісіндегі мәселелер және әлеуетті мүмкіндіктер» тау ісінің сессиясы «Тау-Кен Самұрық» АҚ (бұдан әрі – Компания) Стратегия және бизнесті трансформациялау жөніндегі басқарушы директор – Басқарма мүшесі Дамир Каримнің басшылығымен өткізілді. Сессия барысында Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Раудың, «Kazzinc Holdings» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Никола Поповичтің, ERG ғылыми-зерттеу орталығының Басқарма төрағасы Ағыбай Сәбитовтың, «Yildirim» түрік холдингінің бас атқарушы директоры Альп Малазгирттің, Халықаралық қаржы корпорациясының инвестициялар жөніндегі бас директоры Карстен Фелстердің, Рессей мен ТМД елдеріндегі Австралияның сауда өкілі Дункан Коулдың баяндамалары тыңдалды. «Тау-Кен Самұрық» АҚ атынан спикер ретінде Даму жобаларын және күрделі құрылысты басқару департаментінің директоры Серік Мүсүрманқұлов «Шалқия» кен орнын өңдеу кезіндегі инновациялық шешімдер» атты тақырыпта баяндамамен сөз сөйледі.
Өзінің баяндамасында ол кен орнын ашу, өндірілген кенді көтеру және тасымалдау үшін «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішінде қолданылатын инновациялық технологиялар туралы айтып өтті. Аталмыш технологиялардың трансферті уақытты үнемдеп, құрылыстың мерзімін қысқартуға, жұмыс сапасын жоғарлатуға, сондай-ақ, кенді өндіруге арналған пайдалану шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл технологиялар әлемдегі алдыңғы қатардағы технологиялардың бірі болып, Ресей, Австрия және Австралия елдерінің ірі тау-кен өндіру және қайта өндеуші кәсіпорындарында кеңінен қолданылуда.
«АММ 2015» аясында әлемнің 9 елінің 40 жуық компаниялары ұсынған жыл сайынғы көрме өткізілді. Биылғы жылы қазақстандық өндіріс өнімдерін көрсететін «ТМК үшін Қазақстанда жасалған» көрмесінің жаңа бөлімі өз жұмысын бастады. Көрмеде «Тау-Кен Самұрық» АҚ атынан компанияның еншілес ұйымдары болып табылатын «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауыты мен «Tau-Ken Temir» кремний зауыты өнімдерінің үлгілері ұсынылды. Сонымен қатар, «Алматы облысы Тұйық-Темірлік кен алабындағы мысты, қорғасынды, баритті барлау», «Қарағанды облысы Спасск мыс-кен аймағындағы мысты, алтынды және ілеспе құрамдастарын барлау», «Жамбыл облысындағы Шоқпар және Гагаринское кен орындарындағы алтынды барлау», «Қарағанды облысындағы Алайғыр кен орнындағы полиметалл кендерін өндіру», «Ақмола облысы Масалы кен орнындағы темір кендерін өндіру және қайта өңдеу», «Қызылорда облысындағы Шалқия кен орнындағы полиметалл кен ошағын өнеркәсіптік пайдалану» инвестициялық жобалары ұсынылды.
Фотода «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауыты және «Tau-Ken Temir» кремний зауыты өнімдерінің үлгілері
Конгресс жұмысының екінші күнінде «Тау-Кен Самұрық» АҚ өкілдері мен Ресейдің, Украинаның және Францияның ірі компанияларының басшылары арасында В2В форматындағы іскерлік кездесулер өтті. Келіссөздер барысында шетелдік өкілдер Компанияның бірнеше инвестициялық жобаларын жүзеге асыруда қызығушылық танытты. Сонымен қатар, француз өндірісінде қолданылатын инновациялық технологияларды трансферттеу мүмкіндігі талқыланды. Бұл – «жасыл» технологиялар – жел энергетикалық қондырғылары, гидрооқшаулық аясындағы экологиялық шешімдер, кенді қайта өңдеу мен агломерацияның жаңа әдістері. «Тау-Кен Самұрық» АҚ өкілдері өз кезегінде бұл ұсыныстардың жіті қарастырылып, қосымша келіссөздер жүргізу үшін кездесулер ұйымдастырылатындығын айтты. Айта кететін жай, бұл В2В кездесулер шетелдік компаниялардың бастамасы бойынша ұйымдастырылып, жалпы алғанда «Тау-Кен Самұрық» АҚ қатысуымен 14 іскерлік кездесу өткізілді.
Ауқымды іс-шараға әлемнің 18 елінен 600-ге тарта өкілдер қатысты. Конгрестің спикерлері ретінде Ұлттық компаниялардың, ірі тау-кен металлургиялық, сервистік компаниялардың және халықаралық агенттіктердің бірінші басшылары, Австралияның, Ауғаныстанның, Ұлыбританияның, Қазақстанның, Канаданың, Қытайдың, Қырғызстанның, Түркияның, Францияның ғылым және бизнес өкілдері сөз сөйледі.
«АММ 2015» ұйымдастырушылары Конгрестің 2018 жылы Астанада өткізілетін Бүкіләлемдік тау-кен Конгресін өткізуге дайындық жұмысы екендігін айтып өтті.
«АММ 2015» «Самұрық-Қазына», «Тау-Кен Самұрық», «Қазгеология», «ТБГМҚ», «ҒӨК», «World Mining Congress» және «CERBA» ресми қолдауы және қатысуымен өткізілді.
«АММ 2015» ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі, Iteca қазақстандық көрме компаниясы мен оның халықаралық серіктесі ITE Group Plc (Ұлыбритания).