Делегация құрамында Басқарма Төрағасының өндіріс ісі жөніндегі орынбасары Қ.С. Ізбасханов, «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ Басқармасы Төрағасының орынбасары М.М Жақселеков, сонымен қатар департаменттердің бас менеджерлері Дәрібаев С.М. мен Құспекова Қ.Б. болды. Іс-сапар аясында делегаттар «Оutotec» және «Boliden» компанияларының Рованиеми, Кевитса, Пьюхосалми, Коккола, Пори, Эспо, (Хельсинки) қалаларындағы кәсіпорындары мен бас офистеріне барып қайтты.
Іскерлік сапар барысында «Оutotec» компаниясының басшылығы, инновациялық технологиялар мен ТКК саласындағы құрылғылардың инженер-әзірлеушілерімен кездесуі өтті. Сондай-ақ, делегаттар «Оutotec» компаниясының технологиялары мен құрылғыларын пайдаланатын өндірістік кәсіпорындар мен Пори қаласындағы зерттеу орталығының жұмысымен танысып қайтты. Олардың қатарында келесі кәсіпорындар бар:
- Кевитца қаласындағы кеніші бар тау-байыту комбинаты («Boliden»);
- Пьюхосалми қаласындағы кеніші бар тау-байыту комбинаты;
- Коккола қаласындағы «Boliden» компаниясының атмосфералық сілтісіздендіру зауыты.
Эспо қаласында орналасқан «Оutotec» компаниясының бас офисінде компанияның жаңа технологиялары мен зерттеу орталығының таныстырылымы өткізілді. Сонымен қатар, Финляндия мен әлем бойынша ТКК нысандарына кредит беруден мол тәжірибесі бар финдік «Finnvera» банкінің өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.
«Тау-Кен Самұрық» АҚ-ның «Шалқия», «Масальское», «Алайғыр» және «Ғылыми-өндірістік орталық құру» жобалары бойынша «Оutotec» компаниясымен ынтымақтастық жөнінде алдын-ала келіссөздер жүргізілді. Екі жақ финдік «Finnvera» банкінің қатысуымен «Тау-Кен Самұрық» АҚ жобаларын қаржыландыру үлгілерін талқылады. Нәтижесінде, Компания жоғарыда аталып өткен жобаларды жүзеге асыру барысында «Finnvera» банкімен кредиттеу бағытында мүмкін болатын ынтымақтастықты қарастыру бойынша шешім қабылдады.
«Оutotec» компаниясының басшылығы мен топ-менеджментінің қатысуларымен өткізілген кездесулер нәтижесі бойынша «Тау-Кен Самұрық» АҚ басшылығы келесі мәселерлер бойынша қорытынды жасады:
- «Шалқия» жобасын іске асыруының металлургия бағыты бойынша екінші кезеңінде коллективтік концентратты атмосфералық сілтісіздендіру технологиясын қолдану мүмкіндігін қарастыру. Оған дейін «Оutotec» компаниясының Пори қаласындағы зерттеу орталығында сынауға арналған заттарды қолдана отырып жартылай өндірістік зерттеулер ұйымдастыру.
- «Шалқия», «Масальское», «Алайғыр» жобаларын жүзеге асыру барысында «Оutotec» компаниясының зерттеу әлеуетін (Пори және Франкфурт-на-Майне қалаларындағы ғылыми-өндірістік орталықтар) жұмыста пайдалана отырып, қажетті жабдықтары мен инжинирингтік қызметтерін сатып алу мақсатында тендерлік рәсімдерге қатысуын қарастыру.