2024 жылдың 10 айында отандық бизнестен 383 млрд теңге сомасына тауар сатып алынды, бұл жалпы сатып алу көлемінің 66%-ын құрайды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 57% деңгейінде болған еді. 2021-2024 жылдар аралығында 1513 жеткізушінің 1488-і жергілікті.
Бүгін «Тау-Кен Самұрық» сатып алу бөлімінің мамандары «Самұрық-Қазына Контракт» («Самұрық-Қазына» АҚ-ның сатып алу мәселелері жөніндегі операторы), QazCloud (skstore.kz электрондық дүкенінің операторы) әріптестерімен бірлесіп, «Атамекен» ҰКП, ТМКК, салалық ұйымдар мен отандық тауар өндірушілердің өкілдерінің қатысуымен «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ бизнесті әкімшілендіру жөніндегі бас директоры Рахматолла Аблазимовтың төрағалығымен онлайн форматта дөңгелек үстел өткізілді.
Әлеуетті жеткізушілерге сатып алу қызметінің ерекшеліктері мен жаңалықтары жан-жақты түсіндірілді, сатып алудағы ішкі құндылықты арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар баяндалды. Отандық тауар өндірушілерге бірқатар артықшылықтар қарастырылған. Атап айтқанда, тендерлік өтінімдерді қамтамасыз етудің барлық түрлерін енгізуден босатылады, оларға шарт жасалғаннан кейін 10 күн ішінде 30% алдын ала төлем жасалады, тауар жеткізу мерзімі кемінде 60 күнді құрайды және т.б.
Отандық өндірушілерді қолдаудың тағы бір тиімді тетігі ретінде сарапшылар offtake-келісімшарттарын жасауды атап өтті. Мұндай шарттың мәні тапсырыс берушінің алдын ала келісілген баға, көлем және жеткізу мерзімдері бойынша әлі өндірілмеген тауарды сатып алуға міндеттенуінде жатыр. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында қолданылатын ережелерге сәйкес offtake-келісімшарт жасасудың негізгі шарты – ұзақ мерзімді қажеттілік және отандық өндірістің болмауына байланысты осы тауар импортының болуы.
Қазіргі кезде «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы қазақстандық өндірушілермен 14 офтейк-келісімшарт жасасты.