2015 жылдың 1 қыркүйегінде Қытайдағы іссапар аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Б.Сағынтаев, «Самұрық-Қазына» АҚ Төрағасы Ө.Шөкеев, сондай-ақ, «Тау-Кен Самұрық» АҚ делегаттарының қатысуымен «Тау-Кен Самұрық» АҚ еншілес компаниясы – «Масальский ТБК» ЖШС мен Қытай Техникалық Импорт және Экспорт Ұлттық Корпорациясы (ҚТИЭҰК) арасында жобалау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және құрылыс туралы Нобайлы Шартқа қол қою салтанатты рәсімі өткізілді. Екіжақты Шартқа «Масальский ТБК» ЖШС директоры Р. Қуанышбаев пен қытайлық ҚТИЭҰК Президенті Танг И мырза қол қойды.
Сонымен қатар, 2015 жылдың 2 қыркүйегінде өзінің ҚХР іссапары барысында «Самұрық-Қазына» АҚ Төрағасы Ө.Шөкеев аталмыш Шартқа қол қойған қос тарап өкілдерімен қытайлық Hebei провинциясының Tangshan қаласындағы «Shougang Jingtang» металлургиялық зауытына барып қайтты. Онда ол кәсіпорынның өндірістік және технологиялық жұмыстардың барысымен танысты.
Анықтама. Жалпы аумағы 3 мың га жер көлемін алып жатқан бұл зауыт Қытайдағы металлургиялық өнім шығаратын ең ірі өндіріс орындарының қатарына кіреді. Жылдық қуаты 10 млн. тонна болатты құрайды. Бүгінгі таңда мұнда 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді.