Өткен жылы «Самұрық-Қазына»қоры «Шалқия Мырыш ЛТД» АҚ компаниясының акцияларын сатып алып, «Тау-Кен Самұрық» компаниясының еншісіне берген еді. Енді алдағы үш жылда мұнда кен байыту комбинатын салу жоспарланып отыр.
Алпауыт кенішті жарты ғасырдан астам уақыт бұрын ашқан геологтар «Шалқияның»бірегей қасиетін білсе керек, сол уақытта-ақ руданын қорын зерттей бастаған. Артынша, жалпы әлемде қоры бай кен орыны ретінде алғашқы бестікке енді. 1978 жылдан бастап «Шалқия» кеніші Кеңес Одағы елдерін толықтай қорғасынмен, мырышпен қамтамасыз етіп келген. Тоқырау жылдары алып өндіріс қаржылық қиындықтарға тап болып, тұралап қалды.
Біраз жылдар тұралап қалған кеніште қазір жұмыс қайта қыза бастаған. Кеңес одағы тұсында ашылған «Шалқияның»енді аумағы кеңейіп, кен байыту комбинаты бой көтермек. «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы кенішті қайта қалпына келтіру үшін 467 миллион доллар көлемінде инвестиция салып отыр.
Талғат Оразғалиев, кен жұмыстарының бастығы:
«Шалқия» кен орнында 129 миллион тонна руда есептеледі. Соның жылына 4 миллион тонна игерсек, сонда 32 жылға осы өндіріс орны жұмыс істейді.
Алға қойылған жоспар қомақты. Жаңа комбинат жылына төрт миллион тонна рудаға дейін өндірмек. «Шалқиядағы» қор – Қазақстандағы түсті металлургия үшін таптырмас негізгі шикізат көзі бола бермек.
Болат Рамазанов, «Шалқия-Мырыш » АҚ басқарма төрағасы:
Комбинат жылына 2 миллион тонна кен өңдеп шығармақ. Ал толықтай жоспарлы өндірістік қуатына көшкен кезде 4 млн тонна кен шығарады. Қазір кен орнында 280 адам жұмыс істеп жатыр, ал жоба толық жүзеге асқан күнде 1500 жұмыскер еңбекпен қамтылады.
Алғашқы өнімді үш жылдан кейін нарыққа шығарылу көзделіп отыр. Ал 2017 жылдың соңына дейін бұл маңнан заманауи кен байыту фабрикасын іске қосу да – алдағы мақсаттардың бірі. Шарипа САҚТАПОВА