Қазақстандағы ірі вольфрам кен орны қытайлық инвесторға берілді.
Мемлекет атынан қазба байлықты іске жарататын «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы терең өңделетін вольфрам өнімдерін өндіру жөніндегі жаңа жобаны іске асыруға «стратегиялық инвесторды» тартқанын жариялады. Үкімет таңдаған стратегиялық инвестор шың елінің «Xiamen TungstenCo., Ltd» алпауыт компаниясы болып отыр. «Xiamen TungstenCo., Ltd – вольфрамнан, молибденнен және жерде сирек кездесетін металдардан өнім шығаратын әлемнің жетекші өндірушілерінің бірі. Оның вольфрам кен орындарын игеруде үлкен тәжірибесі бар», – деп хабарлады «Тау-Кен Самұрық». Биржалық мәліметтеріне жүгінсек, қытайлық компанияның негізі 1958 жылы қаланған. ҚХР аумағында екі вольфрам кенішіне – Фуцзянь провинциясының оңтүстік-шығысындағы Синлокэнге және орталық Қытайдағы Хэнаниге қожалық етеді. Жалпы табысы биылғы жылы 5 миллиард 476 млн юань болған (1 доллар 6,89 юаньға тең). Бірақ операциялық шығыстары 5 млрд 186 юаньға жетіпті. Салықтарды төлегеннен кейінгі таза табысы 221 млн юанды құраған. Үкіметтің таңдауының қытайлық кәсіпорынға түсуі кездейсоқ емес. Қазіргі уақытта мәселен, вольфрамнан алынатын басты бір өнім – аммоний паравольфраматының бүкіл дүниежүзілік өндірісінің 85%-ы Қытайда шоғырланған. Егер осы жоба жоғары қуаттылыққа жетсе, біздің еліміз оның өндірісінің ірі бір ошағына айнала алады. Дегенмен, мемлекет осы аса құнды қазынаның бар кілтін басыбайлы шың еліне ұстатып қоя алмайды. Сол себепті, оны өндіру және өңдеу үшін бірлескен қазақ-қытай кәсіпорны құрылмақ. «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы мен XiamenTungsten арасында жасалған келісімнің шарттарына сәйкес, «Жоғары Қайрақты» және «Солтүстік Қатпар» кен орындарында (екеуі де Қарағанды облысында) вольфрамды өндірумен және байытумен қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны айналысады. «Солтүстік Қатпар» және «Жоғары Қайрақты» кен орындарының базасында 2 тау-кен байыту комбинаты және терең қайта өңдейтін бірыңғай металлургиялық кешен салынады. Бұл ретте бірінші комбинаттың өндірістік қуаты 2,6 млн тонна руданы өндіруге жетсе, екінші комбинаттың бұл көрсеткіші 6 миллион тоннаға дейін барады деп белгіленуде. «Осы аталған өндірістік объектілердің құрылысының құны – шамамен 755 миллион доллар. Операциялық қызметтің басталуы «Солтүстік Қатпарда» 2023 жылға, ал және «Жоғары Қайрақтыда» 2025 жылға жоспарланған», – деп мәлім етті «Тау-Кен Самұрық». Қазақ-қытай кәсіпорнының алғашқы кезеңде шығаратын дайын өнімі – аммоний паравольфраматы болмақ. Келешекте – вольфрам ұнтақтары мен вольфрам карбидтерін жасауды жолға қояды деп күтілуде. Сондай-ақ, бұған ілеспе ретінде молибден, висмут және мыс концентратын өндіру де жоспарында бар. Ұлттық тау-кен компаниясының мәліметінше, жобаны іске асыру бюджетке жалпы алғанда шамамен 1 миллиард доллар салықтық түсімдердің түсуіне мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек, жоба жаңа зауыт-кәсіпорындардың бой көтеруін және инфрақұрылымның қолданыстағы объектілерінің қайта жаңғыртылуын қамтамасыз етпек. Келісімге сәйкес, елімізде 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылуға тиіс. «Бұдан басқа, сирек-метал кластерінің дамуы және вольфрам өнеркәсібінің қайта жаңғыруы үшін жаңа перспективалар ашылады: Қазақстан сирек және сирек-жер металдарын байыту және қайта өңдеу саласындағы жаңа технологияларға қол жеткізеді», – дейді «Тау-Кен Самұрық». Айта кеткен жөн, «Жоғары Қайрақты» және «Солтүстік Қатпар» кен орындары Қарағанды облысының Шет ауданында бір-бірінен 30 шақырымдық жерде орналасқан. Ондағы вольфрам қорын өткен ғасырдың 70-ші жылдары кеңес өкіметі тауып алған. Алайда оны өңдеп, байытуға күші де, заманауи құралы да жетіспеді. Ал тәуелсіз Қазақстан болса, ұзақ жыл керекті технологиялары бар лайықты инвесторын іздеді. Сондықтан өнеркәсіптік қазу жұмыстары осы күнге дейін басталмаған. Негізгі себеп – Қазақстанда дәл осы жерлердегі руданың ерекшеліктеріне сәйкес келетін байыту технологияларының жоқтығы болды. 2018 жылы «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы «Жоғары Қайрақты» және «Солтүстік Қатпар» кен орындарындағы қор туралы деректерді нақтылап, бұрынғы деректерді өзектілендірді. Нәтижесінде, біріншісінің қазынасы аса мол екендігі және 1 миллион 213 мың тоннаға жететіні анықталды. Ал «Солтүстік Қатпардың» қатпарларында 90 мың тонна вольфрам тұнып жатқаны белгілі болды. Топогеодезиялық, геофизикалық және зертханалық-талдамалық зерттеу жұмыстары отандық және шетелдік мамандарды тарта отырып, жүргізілген. «Былайғы жұртшылық біле қоймас, вольфрам деген әлемдегі аса құнды байлықтардың бірі саналады. Бағасы да аса қымбат және ай сайын тоқтаусыз қымбаттауда. Мәселен, 2017 жылдың наурызынан биылғы жылдың тамызы аралығында ғана аммоний паравольфраматының бағасы әлемдік нарықта 105 долларға немесе 45,7%-ға көтерілді. Егер 2016 жылы жаһандық нарықта 175 доллар тұрса, қазір 335 долларға дейін өсті. Вольфрам – болашақтың металы. Алда оны пайдаланудың қаншама жаңа жолдары анықталары сөзсіз», – дейді сала маманы Берік Сейдуллин. Вольфрам ғаламшардағы ең қиын балқитын метал болып табылады. Өзінің қасиеттері арқасында ол бұрыннан жарықтандырушы аспаптарда «қызулы жіптер» ретінде қолданылып келеді. Бұл саладағы осы металдың баламасыздығы – оның қиын балқуына ғана емес, сондай-ақ илеуге көнгіштігіне байланысты. Мәселен, небары бір келі вольфрам 3,5 шақырым ұзындықтағы сымға дейін созылады. Нәтижесінде, дәл осы шағын көлем 60 ваттық 23 мың лампа үшін қызулы жіптер дайындауға жеткілікті. Дәл осы қасиеті арқасында әлемдік электрлі техника өнеркәсібі жылына бар-жоғы 100 тоннадай ғана вольфрам тұтынады. Вольфрам және оның карбидінен тұратын қорытпалардан ғарыш кемелері қозғалтқыштарының бөлшектері, заманауи танк броны, артиллериялық снарядтар мен торпедалардың сыртқы қабығы, ұшақтардың және моторлардың ең маңызды бөлшектері жасалады. Оның үстіне тозуға төзімді аммоний паравольфраматы бұдан бөлек машина жасау, станок жасау және басқа салаларда кең қолданылады. Оны қайталама өңдеу – эмаль және бояу өндірісі үшін вольфрам қышқылын алуға, сондай-ақ, мұнай химиясы өнеркәсібіне арналған қоспалар ретінде қолданылатын вольфрамның басқа қосылыстарын өндіруге жол ашады. Мамандар вольфрам қосылған болат керемет беріктік қасиеттеріне ие болатынын, сондықтан мұндай қорытпадан жасалған өнімдерді медицина, ұңғыма бұрғылау ісі және басқалары тұтынатынын айтады.
https://abctv.kz/kz/news/zhogary-kajrakty-men-soltustik-katpardy-sheteldik-investor-enshiledi