Соңғы кездері еліміздің іскер ортасында жер қойнауына қатысты қызу пікірталас өрбіді. Бұған аталған салада ұлттық операторды тағайындау мәселесі түрткі болды. Жекелеген компаниялар бұл бастамаға қарсылық білдірсе, ел билігі оның пайдалы қазбалар нарығын дамытуға септігін тигізетініне сенімді. Шынтуайтына келгенде, Қазақстанда нағыз металдың он шақты түрі ғана дайын өнім түрінде шығарылады. Сала мамандарының айтуынша, отандық геологияны тездетіп қолға алмаса, алдағы онжылдықта ауқымды проблемалар басталуы мүмкін. Бұл қауіп қаншалықты рас? Міне, осы мәселеге назар аударған едік.
Әдетте концертке иә болмаса ірі спорттық шараға билет табылмаса, делдалдардың қызметіне еріксіз жүгінетініміз мәлім. Қымбатқа түссе де әйтеуір сол билетті иелену үшін барымызды саламыз. Нәтижесінде кімнің қанжығасы майланатыны айтпаса да түсінікті. Сарапшылар Қазақстандағы геология саласы осыған жетуге жақын қалды дейді.
Бір ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Ғылым академиясының академигі Серікбек Дәукейді қабылдап, кездесуде жер қойнауына қатысты маңызды мәселелер талқыланған еді. Белгілі ғалым Мемлекет басшысына геологиялық зерттеу мен жер қойнауын тиімді пайдалануда биліктің рөлін күшейтіп, тиісті заңға өзгеріс енгізуге ұсыныс білдіргені белгілі. Бұл ұсыныс бизнес-қауымдастық ортасында қызу талқыланды. Мұндай өзгеріс пайдалы қазбаларды игеруде белгілі бір топтың ғана мүддесін көздейді деген уәж де жоқ емес. Неге десеңіз, жер қойнауын игеру мен геологиялық зерттеулер жұмысы «Қазгеология» ҰГК» АҚ уысында кетуі мүмкін деген болжам бар. Бұлай болған жағдайда ұлттық оператор ірі монополиске айналып, пайдалы қазбалар нарығын жалғыз ойыншы басқаруы ғажап емес. Бұл мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтып, әділ бәсекелестік ортаны құру стратегиясына қарама-қайшы келуі ықтимал.
Мамандар онсыз да геология секторында мемлекеттің ықпалы артып тұрғанына, сондай-ақ жауапты органдардың саны өсіп бара жатқанына алаңдаулы. Мұндай конъюнктура бюрократияның әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өсуіне әкелуі бек мүмкін. Сол себепті геологтар мемлекеттің рөлін күшейтуге үзілді-кесілді қарсы. Себебі бүгінге дейін Үкімет өзінің тиімсіз басқарушы екенін көрсетіп келді дейді. Сарапшылар қазірдің өзінде компанияның портфелінде ұзақ жылдар шаң басқан геологиялық барлау жобалары бар екенін, сол секілді жаңа мүмкіндік оның санын арттыруға жол ашатынын естен шығармауға шақырды. Бұдан бөлек «Қазгеологияны» қаржылық индикатор мен табыс жағынан емес, геологиялық ақпарат негізінде бағалауға ұсыныс берілді. Осыған байланысты әлеуметтің пікірі екіге жарылды. Бірі бұл бастаманы қолдаса, екіншілері бұдан белгілі бір топтың мүддесі қорғалғаны анық байқалып тұрғанын айтады.
«Бұл адал бәсекелестікті жояды. Оның үстіне инвесторлардың, жеке компаниялардың отандық нарыққа қызығушылығы бәсеңдеуі мүмкін. Бұл тұтастай Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Мұндай ұсыныстар жасалғанда жеке біреулердің мүддесі бар-жоғы тексерілуі тиіс», деп жазды желі қолданушылары.
Aurora Minerals Group компаниясының аға геологы Олжас Мұхамеджанов жер қойнауын игеруде мемлекеттік геологиялық зерттеу жөніндегі ұлттық операторды тағайындауы жаңа кен орындарын ашуды тежейді деп санайды. Оның айтуынша, бұл мәселеде мемлекеттік компаниялардың тиімділігі төмен. Мұны әлемдік статистика да көрсетіп отыр. Мәселен, әлемдегі барлық кен орындарының 65%-ы юниорлық компаниялармен ашылған. Осы орайда мемлекеттік компаниялардың үлесі небәрі – 5%.
– Жер қойнауы туралы Кодекс әзірленгенде геологиялық барлау саласының көшбасшы елдерінің (Аустралия, Канада, Чили) тәжірибесі есепке алынғаны белгілі. Алайда, аталған мемлекеттерде жер қойнауын игеруде мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстарының басым құқығы ұлттық операторға берілмейді. Олардың алдына тек кен орындарын анықтау міндеті қойылады. Ал оны игеру жұмыстары бәсекелестік ортаға беріледі. Елімізде геология саласына жауапты мемлекеттік органдар тым көп. Бұрын онымен бір министрлік айналысса, қазір екеу. Ал мұнай саласына жауапты ведомство тіпті үшеу. Әрқайсысында тиісті комитеттер, департаменттер, еншілес ұйымдар, компаниялар бар. Инвестор барлық сұраққа «бір терезе» қағидасы бойынша жауап алады деген уәде қайда? Мемлекеттік компаниялар жыл сайын тұрақты түрде субсидия алады. Бұл компаниялардың барлық мәселелерде басымдыққа ие екендігі түсінікті. Олармен қалай бәсекелесуге болады? Нарықты одан әрі монополияландырғысы келеді. Бұл мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқартуға бағытталған қазіргі саясатына толығымен қайшы, – деді О.Мұхамеджанов.
Бизнес тағы шет қалады
«Қазгеология» мемлекеттік геологиялық зерттеулерден басқа коммерциялық жұмыстармен де айналысады. Мәселен, шетелдік инвесторлармен бірлескен кәсіпорындар құрып, кен орындарын игеруге кірісіп жүр. Сөйтіп мемлекеттік мүддеге байланысты жұмыстар назардан тыс қалып отыр. Сондай-ақ «Қазгеологияда» сервистік қызметтер көрсетіледі. «Қаншама техника сатып алынды. Мұндай техниканың барлығын алудың қажеті жоқ. Себебі нарықта қызмет көрсететін компаниялар көп» дейді «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Құдайберген.
– Біздің айтайын дегеніміз, бір ұлттық оператор бар – «Қазгеоақпарат» республикалық геологиялық ақпарат орталығы. Қазір тағы бір ұлттық оператор құрылмақ. Былайша айтқанда, республикалық бюджеттен ақша бөлініп, оны бұрғылау және зерттеу жұмыстарына жұмсайды. Бұл мемлекеттік қаражатты шығындау. Осылайша бизнес тағы да шет қалады. Яғни, биліктің бизнеске ықпалын азайту, мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту, бәсекелестік нарықты дамыту мәселесі сөз жүзінде қалмақ. Бұл ел қазынасынан қыруар қаражатты талап етеді. Біздің ұсынып отырғанымыз – ұлттық оператордың жанынан коммерциялық емес ұйым құру. Мысалы, АҚШ-та Ұлттық геологиялық орталығы, Англияда Ұлттық геологиялық қызметі жұмыс істейді. Бұлар коммерциялық емес мемлекеттік ұйымдар. Мұндай ұйымдар Канада, Аустралия және Чили сынды елдерде де бар. Бізде XIX ғасырдан бері геологияға қатысты жиналған мәлімет өте көп. Соның барлығын жинақтап, коммерциялық емес ортақ ұйым құрылса орынды болар еді. Оған 250 млрд теңге қажет емес. Мәліметтер бір жерге жиналса, жеке бизнес өзіне қажетті кен орны туралы ақпаратты алып, оны игеру өзіне жүктеледі, – деді Қ.Құдайберген.
Министрлік не дейді?
Әйтсе де бұл айтылғандармен жауапты ведомство өкілдері келіспейді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Санжар Жаркешов алдымен «жер қойнауын мемлекеттік зерттеу» мен «барлау» ұғымдарын шатастыруға болмайтынын айтады. Ұлттық операторға тек жер қойнауын зерттеу жұмыстары жүктелмек. Бұл үлкен тәуекелді талап етеді. Мұнда мыңнан бір мүмкіндік қана сәтті болуы мүмкін дейді вице-министр.
– Геологиялық барлаумен қазіргідей жекеменшік компаниялар айналыса береді. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ.
– Геологиялық барлаумен қазіргідей жекеменшік компаниялар айналыса береді. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Олар бұрғылау жұмыстарымен де айналысады. Мәселен, жер қойнауын зерттеу қиындығы көп, күрделі кезең. Осы іске жеке компаниялар бармайтыны анық. Мұны әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Жаңа кен орнын ашу мүмкіндігі мыңнан бір болғанда, кез келген кәсіпкер мұндай тәуекелден бас тартатыны белгілі. Дәл осындай жағдайда мемлекеттің орны бөлек. Неге? Өйткені, мемлекеттің алдында стратегиялық тапсырмалар тұр. Міне, сол тәуекел «Қазгеологияға» артылатын болады. «Қазгеологиядан» басқа бұл міндетті ешкім атқара алмайды. «Тау-Кен Самұрық», иә болмаса юниорлық компаниялар ондай тәуекелге бармайды. Ұлттық операторды тағайындау бойынша қосымша бюджеттің қаражаты қажет емес. Кез келген юниорлық компания «Бірінші келген – бірінші алады» қағидасы негізінде қалаған учаскесін барлауға алуға құқылы. Демек, нарықты монополияландыру туралы айту негізсіз, – деді С.Жаркешов.
Мәліметтер қоры орталықтандырылған ба?
Мамандардың сөзіне сүйенсек, тәуелсіздігімізге 30 жылға жуықтаса да отандық геология саласы кеңестік жүйеден әлі арыла алмай келеді. Бұл да саланың шатқаяқтауына негізгі себеп болып отыр. Геология жер құрылысы туралы ғылым болғандықтан, ғылыми-зерттеу орталықтары болуы тиіс. Демек, ғылыми салаға екпін берілу қажет. Өкінішке қарай, институттардың біраз бөлігі тоқырады. Геологиялық мемлекеттік компаниялар ведомстволарға айналды. Зерттеліп, іске қосылған нысандардың дені Кеңес Одағы кезінде ашылған. Одан кейін бірде-бір ірі көлемдегі пайдалы қазба орындары табылмаған. Ресми статистика көрсеткендей Қазақстанда жер қойнауының 25%-на ғана геологиялық жұмыстар жасалған. Бұл әлі 75%-ы игерілмегенін аңғартады. Басқа елдердің тәжірибесін қарайтын болсақ, қазір геологияны дамыту жағынан Моңғолия, Намибия, Сьерра Леоне сынды мемлекеттер алға шығып кеткен екен. Оның басты себебі, олар геологиялық мәліметтерді біріктіріп, арнайы цифрлы карта әзірлеген. «Біздің жауапты министрліктен сұрап отырғанымыз да осы» деді Қ.Құдайберген. Десе де Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұған айтар өз уәжі бар. С.Жаркешовтың айтуынша, жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Жыл сайын бұл мақсатқа шамамен 6-7 млрд теңге жұмсалады. Ал оның нәтижелерін геология комитетінің интерактивті картасынан табуға болады деп нақтылады вице-министр. Қажетті ақпарат жер қойнауын игерушілердің барлығына ашық, деді ведомство өкілі.
P.S. Тараптар тартысы немен және қашан аяқталатыны белгісіз. Бір анығы, екі жақта да мүдделердің айқасы өрбігені күмәнсіз. Ең бастысы, бұдан ұлттық экономикаға нұқсан келмесе игі.
https://egemen.kz/article/216350-zher-qoynauyn-kimder-igerip-dgur