Нұр-Сұлтанда «Taý-Ken Samuryq» UTK» АҚ-ның өкілдері мен Үндістанның ірі конгломераты – Adani Group (NSE: ADANIENT) делегациясы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері туралы келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында Adani Group-тың бірқатар еншілес ұйымдарының бас техникалық директоры және атқарушы директоры, делегация басшысы – Судипта Бхаттачария қазақстандық жобаларға инвестицияларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғандарын атап өтті. Атап айтқанда, Adani Group өкілдері ТМК саласында басым металдар мен минералдар – мыс, қорғасын, мырыш, кобальт, литий және көмірді белгіледі.
«Taý-Ken Samuryq» UTK» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Итемгенов компанияның инвестициялық жобаларының портфелі, оның ішінде бәсекелес ортаға беруге жоспарланған қорғасын-мырыш активтері туралы әңгімелеп, Adani Group компаниясын әлеуетті инвесторлар қатарында көруге ниетті екенін білдірді.
Анықтама: Adani Group конгломераты 1988 жылы құрылған, штаб-пәтері Гуджарат штатының Ахмадабад қаласында орналасқан. Adani компаниялар тобының нарықтық капитализациясы 225 млрд АҚШ долларынан асады, жылдық табысы – 20 млрд-тан асатын Adani Group тау-кен өндіру өнеркәсібінде, энергетикада, нарықтың көліктік және логистикалық сегменттерінде жұмыс істейтін 7 жария компаниядан тұрады.