Бүгін «ШалкияЦинк ЛТД» АҚ-ның өндірістік алаңында шахтадағы өртті оқшаулау және жою, сондай-ақ персоналды жер бетіне шұғыл эвакуациялау дағдылары пысықталды. Оқу-жаттығу барысында ТЖ туындаған жағдайда авариялық-құтқару қызметтері мен жұмыскерлердің бірлескен іс-қимыл алгоритмдері тексерілді. Оқу-жаттығу сабағына «ШалқияЦинк» және «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-ның авариялық-құтқару қызметі филиалының, «Kingka Mining Construction» ЖШС, «Sherif-H» ЖШС, мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің, «Тау-Кен Самұрық» АҚ және «Самұрық-Қазына» АҚ мердігерлік ұйымдарының жұмыскерлері қатысты.
Тактикалық жоспар бойынша кәсіпорынның диспетчерлік қызметіне шахта кеңістігі шегінде газ баллонының жарылысы, қазынды төбесінің құлауы және артынша электр кабелінің жануы туралы хабарлама келіп түсті.
Шартты өрт орнына құрамында 11 тау-кен құтқарушысы бар екі бөлімше жіберілді, жүріп өту мүмкіндігі жоғары 2 арнайы техника, 1 жедел медициналық жәрдем машинасы және КамАЗ базасындағы өрт сөндіру автоцистернасы іске қосылды. Жерасты кенішінен авариялық шығатын жерлерде шахтерлерді эвакуациялау және оларды жинау пунктіне қайта бағыттау кезінде көмек көрсету үшін 4 мобильді бекет қойылды.
Кеніште оқу-жаттығу сабағының қорытындысы бойынша техникалық кеңес өткізіліп, барлық қызметтердің ықтимал ТЖ-ға дайындық деңгейі талқыланып, алдын алу шараларының, оның ішінде жабдықтың техникалық жай-күйін бақылау және өндірістік қауіпсіздік саласындағы жұмыскерлерді оқытудың маңыздылығы атап өтілді. Жалпы апатқа қарсы оқу-жаттығулар жақсы бағаланды.