Қарағанды облысына барған жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Балқаш қаласындағы қала құраушы кәсіпорындарын аралап, геологиялық барлау жобаларының іске асырылу барысымен танысты.

Қаратас кен орнында Үкімет басшысына «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-ның геологиялық барлау жұмыстарының барысы және жер қойнауын зерттеуде қолданылатын заманауи технологиялар таныстырылды.

Компанияның басқарма төрағасы Нариман Абсаметовтің айтуынша, былтыр «Тау-Кен Самұрық» үш лицензия алып, алтын, мыс және жерде сирек кездесетін металдар кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын бастаған.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 8 тоннадан астам алтын мен 150 мың тонна мыс қоры расталды.
Атап айтқанда, «Қаратас» жобасы бойынша жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде мыстың орташа мөлшерін 0,35%-дан 0,46%-ға дейін өсті. Қазір технологиялық сынама алынуда, одан кейін гидрогеологиялық және геотехникалық зерттеулер жүргізіледі.

Сондай-ақ жасанды интеллектіні қолдана отырып кернді сипаттаудың зияткерлік жүйесінің алғашқы нәтижелері де таныстырылды. Бұл технологияны пайдалану жұмыс өнімділігін арттыруға және кернді құжаттау мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жүйе Жосабай кен орнының деректері негізінде оқытылды, сипаттау дәлдігі – 80%. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға дейін жеткізу жоспарланған.

Сапар қорытындысы бойынша Премьер-министр «Тау-Кен Самұрық» компаниясына геологиялық барлаудан қорларды мемлекеттік теңгерімге қоюға және кейіннен өнеркәсіптік игеруге уақтылы өтуді қамтамасыз ете отырып, «Қаратас» пен «Жосабай» жобаларының тәжірибесін басқа да келешегі бар учаскелерге кеңейтуді тапсырды.