«Тау-Кен Самұрық» АҚ Оңтүстік Кореямен маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Басқарма төрағасы Сеул қаласында кореялық серіктестер – «POSCO Holdings» компаниясымен және Кореяның Геологиялық ғылымдар және минералдық ресурстар институтымен (KIGAM) екі ынтымақтастық құжатына қол қойды.

Нәриман Абсаметов «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы
Нұрлан Жақыповтың Корея Республикасы үкіметінің, бизнес-қоғамдастық пен ғылыми ұйымдардың өкілдерімен өткізген бірқатар кездесулеріне де қатысты. Келіссөз барысында тау-кен металлургия саласы, геологиялық барлау және аса маңызды минералдар бағытындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

«POSCO Holdings» компаниясымен жасалған меморандум Қазақстанда сирек жер элементтерінен қосылған құны жоғары жоғары технологиялы өнім өндіру тізбегін қалыптастыруға бағытталған. Негізгі бағыттар сирек жер элементтерін (СЖЭ) жоғары деңгейде тазарту және бөліп алу технологияларын, металл алу және өнім шығаруды әзірлеуді, сондай-ақ қосалқы өндіріс пен қайталама өнеркәсіптік шикізаттан сирек жер элементтерін өндіріп алуды қамтиды. Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізіп, жаңа перспективалы жобаларды айқындауды жоспарлап отыр.

POSCO Holdings – металлургия, критикалық минералдар, аккумуляторларға арналған материалдар және перспективті технологиялар бағыттарын дамытатын Оңтүстік Кореяның ең ірі өнеркәсіптік топтарының бірінің бас холдингтік компаниясы.

Оңтүстік Кореяның геология және минералдық ресурстар саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу институты – KIGAM-пен тағы бір келісімге қол қойылды. Құжат ресурс әлеуетін бағалау және оны одан әрі игеру перспективаларын айқындау мақсатында литий бойынша бірлескен зерттеулер мен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді көздейді.

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ пен KIGAM арасындағы ынтымақтастық 2024 жылдан бері дамып келеді. Осы уақыт ішінде тараптар критикалық маңызы бар минералдар саласындағы бірқатар бағыттар бойынша бірлескен зерттеулер жүргізді.

Сеулде қол жеткізілген уағдаластықтар екі өзара байланысты бағытты – критикалық маңызы бар минералдарды геологиялық тұрғыдан зерделеу және олардың ресурс әлеуетін бағалау, сондай-ақ Қазақстанда терең өңдеу технологияларын енгізу және қосылған құны жоғары өнім шығаруды қамтиды.