2022 жылы «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауыты 4630 құйма таза алтын өндірді

Елордада орналасқан аффинаж зауыты 2022 жылы алтын өндіру жоспарын 10% – дан астам асыра орындады. Жоспар 50 тонна болса, кәсіпорын 55,6 тонна алтын тазартты.

«Тау-Кен Алтында» пайдалануға берілген сәттен бастап барлығы 249 тонна алтын тазартылған. Зауыт 12 кг стандартты құймаларда және түйіршіктерде «төрт тоғыз» деп аталатын 99.99 алтын сынамасын шығарады. Зауыт өнімдерінің стратегиялық маңызы бар – елдің алтын-валюта қорын толықтыру, құймаларды сатып алушы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылады.

«Тау-Кен Алтын» – ЖШС Лондон бағалы металдар нарығына қатысушылар қауымдастығының (The London Bullion Market Association, LBMA) «Good Delivery» сертификатының иегері. Бұл «Тау-Кен Алтын» өндіретін алтынның халықаралық сапа стандарттарына 100 % сай келетінін және тазалығына заңды кепілдік берілгенін білдіреді.

Сонымен қатар 2022 жылы зауыт ISO 9001:2015 (сапаны басқару), ISO 14001:2015 (экологиялық аспектілер) және ISO 45001:2018 (денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі) стандарттарына сәйкестігін растады. Кәсіпорынның еңбекті қорғау саласындағы жетістіктері салалық қоғамдастықпен де танылды – «Тау-Кен Алтын» Astana Mining & Metallurgy (AMM) халықаралық конгрестің қорытындысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша жылдың көшбасшысы атанды.