Ағымдағы жылы қорғасын концентратын өндіретін тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастау көзделуде. Осы бағытта 2014 жылдың наурыз айында 2,2 тоннаны құрайтын технологиялық үлгілер алынып, Ресейдегі «Уралмеханобр» ААҚ-на жеткізілді. Нәтижесінде байытуға арналған технологиялық реттемені әзірлеу бойынша жұмыстар аяқталды. Өткен жылдың соңында «Горный отвод» аумағында жер телімі ресімделіп, жерді уақытша ақылы пайдалануға акт алынды. 455,0 мың м3 көлемінде тау-кен-дайындау (аршу) жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Қамқор» ауылынан «Алайғыр» кен орнына дейін созылған 5-дәрежелі автокөлік жолының құрылысы тәмамдалды. Байытуға арналған технологиялық реттемені, тау-кен байыту комбинатының техникалық-экономикалық негіздемесін, кеніш және байыту фабрикасының құрылыс жобасын әзірлеуге келісімшарт түзілді.
«Тау-Кен Самұрық» АҚ жобасын іске асыру барысында қазақстандық мамандар арнайы оқудан өтті және де алдағы уақытта олар өндіріс орнында жұмыспен қамтылатын болады. Сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымның дамуына жылдық аударымдар жүргізілді.
Қарағанды облысында орналасқан «Алайғыр» кен орны «Тау-Кен Самұрық» АҚ басым жобаларының қатарында. Бұл жерде жалпы полиметалл кендері (күміс, сынап, сүрме және т.б.), ал оның ішінде, негізінен, қорғасын өндіріледі. 2013 жылы «Тау-Кен Самұрық» АҚ мен Құзырлы орган арасында аталмыш кен орнында кен өндіру бойынша келісімшарт жасалған. 2011 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жағдайға сәйкес, бұрыңғы КСРО Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекіткен қор қорғасынның 5,4% орташа құрамымен 18,5 млн. тоннаны құрайды. Жоба іске қосылғаннан соң кенді қайта өндіру өндірісінің қуаты жылына 900 мың тоннаға жетеді деп күтілуде.