Astana Mining & Metallurgy

Нұр-Сұлтанда «Astana Mining & Metallurgy» XI халықаралық тау-кен металлургиялық конгресі өтті. Форумға «Пандемия жағдайында әлемдік тау-кен өндіру өнеркәсібінің өсу векторлары» тақырыбы арқау болды. Сонымен қатар конгресс аясында Қазақстанның алтын өнеркәсіпшілерінің II форумы ұйымдастырылды. Конгрестің екі күндік бағдарламасында жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдер жөніндегі сессиялар, индустрия 4.0 жаңа құзыреттерін дамыту мәселелері бойынша шеберлік сыныптары қамтылды.

MSA Minerals Consulting ұйымдастырған панельдік сессияда отандық геологиялық барлаудағы қиындықтар мен перспективалардың барысы айтылды. Қазақстандық және шетелдік компаниялардың өкілдері табысты кейстер, проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылады.

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-ның бизнесті қамтамасыз ету жөніндегі бас директоры Нұрлан Итемгенов сессия қатысушыларының назарын шетелдік әріптестермен, соның ішінде Discovery Ventures Kazakhstan, Fortescue Kazakhstan және SH Minerals-пен ынтымақтастыққа аудара отырып, компанияның негізгі геологиялық барлау жобалары туралы айтты.

«Алтын Гефест» салалық сыйлығы «Astana Mining & Metallurgy»-дің ажырамас бөлігі болып табылатыны мәлім, бұл жолы «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауытының орталық зауыт зертханасының жетекшісі Олеся Коксегенова «Тау-кен металлургия кешеніндегі әйелдер» санатындағы сыйлықтың номинанты атанды.