Халықаралық воркшоп

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ өкілдері Satbayev University алаңында өткен сирек және сирек жер элементтері саласындағы Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық өнеркәсіптік ынтымақтастық мәселелері жөніндегі халықаралық воркшопқа қатысты.

Іс-шара Қазақстан мен Корея Республикасының мемлекеттік органдарының, ғылыми ұйымдарының, университеттерінің, даму институттарының және тау-кен металлургия кешенінің жетекші кәсіпорындарының өкілдерін біріктірді.

Кездесу шеңберінде қатысушылар ынтымақтастықтың ауқымды моделін құру келешегін, оның ішінде технологиялық ынтымақтастықты, өнеркәсіптік кооперацияны және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамытуды талқылады.

Сұхбат ашық, сындарлы және қарқынды атмосферада өтті. Тараптар өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттарының кең ауқымын қарастырып, ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға өзара мүдделілікті растады.