Канада компаниялары Қазақстанның тау-кен металлургиялық және энергетика салаларының инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытуда

Қазақстан-Канада іскерлік кеңесінің IV отырысы онлайн форматта өткізілді. Іс-шараға «Тау-кен Самұрық» ҰТК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Құдайберген және Қазақстан мен Канада мемлекеттік органдарының, дипломатиялық миссияларының және бизнесінің өкілдері қатысты.

Мамандар елдер арасындағы табиғи ресурстар мен энергетика саласындағы инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын, сонымен қатар экономиканың түрлі салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады.

«Тау-кен Самұрық» АҚ басшысы Қанат Құдайберген Қазақстанның тау-кен металлургиялық саласын әрі қарай дамыту әлеуеті жөнінде айта отырып, «Тау-кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясының статегиялық серіктестермен әрекеттесуге дайын екендігін атап өтті.

«Қазақстанның айтарлықтай минералды шикізат базасы және бірқатар әлемдік деңгейдегі кен орындары бар. Біз стратегиялық серіктестермен бірге Қазақстандағы барлау сатысындағы және қолданыстағы жобаларға инвестиция сала отырып, жаңа жобалар әзірлеуге мүдделіміз. Сонымен қатар біз Fortescue компаниясымен бірлесіп геологиялық барлау жобаларын бастап кеткенімізді атап өткім келеді», – деді Қ. Құдайберген.

Өз кезегінде, іс-шараға қатысушылар екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынастарды нығайту және екі жақты ынтымақтастықты кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруға дайындықтарын білдірді.