Қазақстан-катар іскерлік кеңесінің шеңберінде Қазақстанның тау-кен секторының инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылды

Катардың астанасы Доха қаласында Қазақстан-Катар іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараға екі елдің ірі компанияларының басшылары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, мемлекеттік ведомстволар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Елімізден барған делегацияның тарапынан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов қатысушылардың алдында сөз сөйлеп, мемлекетаралық байланысты тереңдетуде және кеңейтуде жеке секторды белсенді тартудың маңыздылығын атап өтті.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан Республикасы мен Катар мемлекеті арасындағы іскерлік ынтымақтастық сапалы жаңа деңгейге шыққанын атай келе, стратегиялық әріптестікті кеңейту перспективаларын айқындады.

«Taý-Ken Samuryq» UTK» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Құдайберген тау-кен өндіру секторындағы салық салу және мемлекеттік реттеу саласындағы заңнаманың ерекшеліктеріне толыққанды тоқталып, катарлық әріптестерге «Taý-Ken Samuryq» UTK» ұлттық компаниясының негізгі инвестициялық жобаларын таныстырды.

Катарлық өнеркәсіптік қауымдастықтар мен компаниялардың өкілдері «Самұрық-Қазына» қорының компанияларымен бірлесіп жобаларды іске асыруға ниет білдірді.