«Samruk-Kazyna Trust» кәсіби бағдар жобасы: балалар үйінің 30 тәрбиеленушісі жұмысшы мамандықтарды таңдады

Биыл көктемде басталған «Samruk Umiti» жобасы аясында Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы балалар үйлерінің 100 тәрбиеленушісіне жұмысшы мамандықты таңдап, колледжге түсуге және «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына жұмысқа орналасуға қолдау көрсетілуде.

Бүгінде 9-сыныпты тәмамдаған 40 жасөспірімнің 30-ы слесарь, механик, электромонтер, IT-маман, токарь, аспаз, дәнекерлеуші және басқа да сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру үшін жергілікті колледждерге оқуға баруды жоспарлап отыр.

Жобаның алғашқы нәтижелерін «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев төрағалық еткен Республикалық жастар форумында таныстырды.

Бағдарлама аясында жасөспірімдер өндірістік кәсіпорындарға экскурсия жасап, кәсіби бағдарлау тестілеуінен өтіп, еңбек нарығы және нақты бос жұмыс орындарымен танысады, сондай-ақ қаржылық, құқықтық және жеке даму дағдыларын меңгереді. Әр қатысушыға жеке тәлімгер мен куратор бекітілген.