«Самұрық-Қазына» 15 жылдығына арналған VIII Спартакиада қорытындысында «ҚазМұнайГаз» командасы жеңіске жетті

Елордадағы «Самұрық-Қазына» АҚ 15 жылдығына орай Қор компаниялар тобы қызметкерлері арасында ұйымдастырылған VIII Спартакиада өз мәресіне жетті. Тартысты тартыстардың нәтижесінде жалпыкомандалық есепте өткен жылғыдай Суперкубокты «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ командасы иеленді.

Екінші орынға «Самұрық-Энерго» АҚ құрамасы көтерілсе, үшінші орынды «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұжымы еншіледі.

Ауқымды сайыс барысында Қор құрамындағы 16 компания өкілдері 11 спорт түрінен күш сынасты. Осылайша Қазақстандағы 250 мыңнан астам қызметкері бар ең ірі жұмыс берушінің салауатты өмір салтын насихаттаған спорт шарасы 845 еңбеккер мен оларға жанкүйер болып, қолдау танытқан отбасы мүшелері үшін нағыз мерекеге айналды.

«Міне қызықты да әсерлі үш күнге созылған мерейтойлық спартакиада да аяқталды. «Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдығында алып ұжым тамаша корпоративтік рух, ажырамас бірлік танытты. Қазақстанның барлық өңірінен жиналған 1000-ға жуық еңбеккер салауатты өмір салтының маңыздылығын паш етті. Әріптестеріміз жарысты, тартысты, бірақ сыйластықтан ажырамады, нәтижесінде достық жеңіске жетті. Осы орайда сегізінші Спартакиаданың Суперкубок иелерін құттықтап қоюға рұқсат етіңіздер. Отбасыларыңызға бақыт, бастарыңызға амандық тілеймін. Биіктерге бірге жете берейік, достар!», – деп әріптестерін құттықтады «Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративтік басқару, еңбек-әлеуметтік қатынастар және еңбек қорғау бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.  

Спартакиаданы өткізудегі негізгі мұрат – корпоративтік мәдениет пен ұжым ішіндегі байланыстарды нығайтып, барлық қатысушыны «Бір команда – бір мақсат!» ұраны аясында ортақ идеяның айналасына біріктіру, жеңіске бірге жету идеясын насихаттау. Мұнай-газ өнеркәсібі, металлургия, көлік және басқа да инфрақұрылымды қоса алғанда көптеген экономика салаларында сенімді серіктес компаниялар спортта да көшбасшы екенін дәлелдеді.

Жеңімпаздар жекелеген спорт түрлерінен үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, армрестлинг және жүзуден марапатталса, топтық спорт түрлерінен футзал, волейбол, баскетбол, арқан тарту, асық ату және киберспорт шеберлерінің мерейі үстем болды. Жүлдегерлер туралы толық ақпарат VIII Спартакиаданың әлеуметтік желідегі парақшаларына орналастырылады @spartakiada.sk.