«Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы Қарағанды облысында жалпы сомасы шамамен 750 млрд теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. 2029 жылға дейін 3 800-ге жуық жұмыс орнын ашу күтілуде

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Басқарма төрағасы Нариман Әбсаметов Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен және америкалық инвесторлармен инвестициялық жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Негізгі жобалардың бірі ‒ Қарағанды облысының Шет ауданындағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игеру. Ол Cove Kaz Capital Group LLC (америкалық Cove Capital компаниясының қазақстандық еншілес кәсіпорны) компаниясымен бірлесіп іске асырылуда. Серіктестік туралы келісімге 2025 жылғы қарашада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары аясында қол қойылған болатын және ол екі ел арасындағы критикалық минералдар жөніндегі стратегиялық келісімнің бөлігі. Құрылтай құжаттар пакетіне 13 ақпанда Астанада қол қойылды.

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Басқарма төрағасы Нариман Әбсаметов атап өткендей, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындары Қытайдан тыс жердегі ең ірі вольфрам кен орындары болып табылады ‒ жалпы қор 410 мың тонна вольфрам триоксидін (WO3) құрайды. Компания бұған дейін геологиялық барлау жүргізіп, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірледі.

Келісімшарт талаптары бойынша инвестор екі байыту фабрикасы мен металлургия зауытының құрылысына 1,1 млрд АҚШ долларын инвестициялауға міндеттенеді. Шикізат пен жартылай өнімдерді экспорттауға тыйым салу туралы стратегиялық шарт бөлек бекітілген. Өндіріс тек терең өңдеуге бағытталатын болады. Жобаны іске асырудың бүкіл кезеңінде бюджетке шамамен 1,5 млрд АҚШ доллары мөлшерінде салық түсімдері күтілуде.

Cove Kaz Capital Group LLC бас директоры Доминик Хитон компания жобаның ұзақ мерзімді сипатын сезінетінін және жергілікті кадрларды белсенді түрде тартуға ниетті екенін атап өтті.

«Біз жобаны іске асыруда жергілікті билік пен тұрғындар алдында үлкен жауапкершілікті сезінеміз. Қарағанды облысы ‒ өндірістері көп, тиісінше құзыреттіліктері де жоғары индустриялық өңір екенін түсінеміз. Ұзақ мерзімді перспективада біз жергілікті мамандарды оқытуды және шетелдік қызметкерлерді біртіндеп алмастыруды жоспарлап отырмыз», ‒ өтті ол.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жобаны іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп «бұл ‒ ең ірі жобалардың бірі. Жергілікті билікке байланыстының бәрі орындалады. Біз толық көмек көрсетуге дайынбыз, ‒ деді.

Жобаны іске асыру облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және маңызды минералдар саласындағы Қазақстан мен
АҚШ-тың инвестициялық ынтымақтастығын нығайтуға елеулі үлес қосады.

 

Фото: Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі