MINEX Қазақстан 2025

Астанада MINEX Қазақстан 2025 атты 15-ші мерейтойлық халықаралық тау-кен және геология форумы өтті – бұл жер қойнауын пайдалану саласы үшін маңызды оқиға.

Форумға әлемнің 30 елінен мемлекеттік органдардың, жаһандық тау-кен корпорацияларының, инвесторлар мен технологиялық көшбасшылардың өкілдерін қоса алғанда, шамамен 500 қатысушы мен 228 компания және ұйым жиналды.

Биылғы тақырып – «Қазақстанның минералдық ресурстарын игерудің жаңа дәуірі: барлаудан өңдеуге дейін». Талқылаулардың негізгі бағыты халықаралық ынтымақтастықты нығайту, тұрақты даму және инновациялар мәселелеріне арналды.

Қазақстанның тау-кен саласының болашағы, мемлекеттік басымдықтар, дамыту және әртараптандыру жобалары мен жоспарлары туралы арнайы пленарлық сессияда айтылды. Сессия барысында «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Нариман Абсаметов баяндама жасады.

Өз сөзінде Ұлттық компания басшысы сирек және сирек жер элементтері (СМ мен ЖСМ) саласындағы еліміздің маңызды әлеуетін атап өтті. Бұл элементтер жаһандық «жасыл» және цифрлық трансформация үшін аса маңызды. Ол геологиялық барлау мен ЖСМ кен орындарын игеру, сондай-ақ қосылған құн тізбегін құру жоспарларын атап өтті.