Парламент өкілдері аффинаж зауытында

«Тау-Кен Алтын» ‒ отандық бағалы металдарды қайта өңдеу саласы үшін стратегиялық маңызы бар кәсіпорын.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары шикізаттың түсуінен бастап халықаралық стандарттағы тазартылған алтын құймаларын алуға дейінгі толық өндірістік циклмен танысты.

Парламенттік делегацияның құрамына: Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин, аталған комитеттің мүшелері – депутаттар Бауыржан Смағұлов, Ажар Сагандықова, Арман Қалықов, Ерболат Сатыбалдин, Вера Ким, Аян Зейнуллин, сондай-ақ Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мұқаш Ескендіров кірді.

 

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Басқарма төрағасы Нариман Абсаметов пен «Тау-Кен Алтын» ЖШС директоры Арнұр Айдарханов зауыт пен жалпы компаниялар тобы қызметінің нәтижелерін таныстырды.

Кездесуге қатысушылар табиғатты тұрақты пайдаланудың, салық салудың негізгі мәселелерін талқылап, отандық тау-кен саласы мен металлургияның қарқынды дамуы үшін жағдай жасаудың маңыздылығы туралы айтып, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері туралы сөз қозғады.

«Тау-Кен Алтын» ‒ Қазақстанда баламасы жоқ және сапа, экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарына сәйкес келетін зауыт. Ұлттық банк үшін алтынның негізгі жеткізушісі бола отырып, кәсіпорын ел экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлесін қосуда.