Қазақстан 2027 жылдан бастап мемлекеттік геологиялық зерттеу бағдарламасы бойынша дайындалған алғашқы жер қойнауы учаскелерін инвесторларға аукционға шығарады

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Ұлытау облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан аумағының геологиялық зерттелу деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді

Биыл Қазақстанның 20 учаскесінде 1:50 000 масштабындағы геологиялық түсірім жұмыстары (ГС-50) басталды. Қамтылған аумақтың жалпы ауданы 100 мың шаршы километрден асады, жобалар 11 өңірде жүзеге асырылуда. Ұлытау облысында 7 учаске шегінде 36 мың шаршы километр аумақта кешенді геологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Министрге зерттеу объектілерінде аэрогеофизикалық және геологиялық барлау жұмыстарының жаңа тәсілдері тікелей көрсетілді.

Министрліктің басшылығымен мамандар Жерді қашықтан зондылау деректерін интерпретациялауды, ұшқышсыз ұшу аппараттарының аэрогеофизикалық кешендерін және жоғары дәлдіктегі Ionic Leach геохимиялық әдісін қолдануды қамтитын кешенді жұмыстарды жүргізілуде

«Жер қойнауын кешенді түрде геологиялық тұрғыдан зерделеу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Министрлік пен тұтас сала алдына қойған негізгі стратегиялық міндеттерінің бірі. Біздің басты мақсатымыз – сапалы геологиялық ақпарат алуды қамтамасыз ету. Геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тарту және өнеркәсіп салаларын дамыту тікелей осыған байланысты», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Мемлекеттік геологиялық зерделеу бағдарламасы (МемГЗБ) шеңберінде «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басшылығымен геологиялық барлау компанияларының тобы құрылды.

«Kazakhmys Barlau» ЖШС Ұлытау облысында аэромагниттік түсірілімді, аэрогамма-спектрометрияны және аэрогравиметрияны қамтитын озық аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізіп жатыр. Бұл әдістер ауқымды аумақтарда қысқа мерзімде геофизикалық ақпарат алуға және зерттелетін алқаптардың перспективасын жедел бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Ұлытау және Абай облыстарында жалпы саны 300-ге жуық ұңғыма бұрғыланды.

«Тау-Кен Самрук» ҰТК» АҚ тобына кіретін «Қазгеология» АҚ жоғары дәлдіктегі позициялауды қамтамасыз ететін RTK-навигация жүйелерімен жабдықталған заманауи ұшқышсыз кешендерді қолдана отырып, осындай зерттеулерді атқарып жатыр.

 «Қазгеология цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп жатыр. Бүгінгі таңда біз ұшқышсыз кешендерді қолдана отырып, аэрогеофизикалық түсірілімдер жүргізудеміз. Бұл үшін алдын ала цифрлық ұшу карталары жасалады, ал жоғары дәлдіктегі навигация дрондарға белгіленген бағыттармен автоматты түрде жүруге мүмкіндік береді. Мамандар барлық зерттелетін аумақтан геофизикалық деректердің алыну үздіксіздігі мен ұшуды нақты уақыт режимінде бақылайды. Осылайша геобарлаудың дәлдігі мен сапасы қамтамасыз етіледі», — деп атап өтті «Қазгеология» АҚ бас директоры Дәурен Әбуов.

МемГЗБ шегінде әрбір перспективалы учаске үшін электронды паспорт жасауды көздейтін бірыңғай цифрлық жер қойнауы кадастры қалыптасып жатыр. Бұл геологиялық ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға, оны өңдеу және дайындау мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.

Алғашқы перспективалы алқаптарды инвесторларға арналған аукциондарға 2027 жылдан бастап шығару жоспарланып отыр.

Геологиялық кластерге барған кезде министр жұмыстардың толық циклін қалыптастыру жұмыстарымен танысты: бұл кернді қабылдау және сақтау, зертханалық, геофизикалық зерттеулер және т.б. Кластер Орталық Азиядағы ең ауқымды ғылыми-өндірістік және білім беру кешендерінің бірі.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Ерсайын Нағаспаев жұмыстарды сапалы орындау, белгіленген көлемдер мен мерзімдерді сақтау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.