«Самұрық-Қазына» Қорында кадр саясаты, әлеуметтік және қайырымдылық жобалары бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, Әлеуметтік тұрақтылықты бақылау орталығы таныстырылды

Бүгін «Самұрық-Қазына» Қорында Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек мәселелері және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың қатысуымен брифинг өтті. 8 айдағы жұмыстардың қорытындысы туралы баяндама келесі мәселелерді қамтыды: • кадр саясаты; • әлеуметтік және қайырымдылық жобалары; • әлеуметтік тұрақтылықты бақылау.

Ғибрат Ауғановтың айтуынша, QSamruk.kz рекрутингтік платформасына қызығушылық арта бастаған. «Бүгінгі таңда платформаға тіркелген компаниялардың саны 500-ден асып кетті. Олар Қордың портфельдік компаниялары мен еншілес тәуелді ұйымдары ғана емес. QSamruk.kz бастапқы жоспар шеңберінен әлдеқашан шықты», – деді Ауғанов. Ағымдағы жылдың 8 айында онлайн-платформада 13 631 бос жұмыс орны жарияланды, оларға 127 435 адам өтініш берген. Бұл орайда үміткерлерді полиграфта тексеру тәжірибесі жалғасуда. Кей салалар бойынша жұмыс іздеушілер мұндай тексерістен міндетті түрде өтеді. Бұл қызметті «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 60 компаниясы мен филиалдары қолданады. Осылайша, жыл басынан бері 99 үміткердің 64-і сыбайлас жемқорлыққа бейімділік тұрғысынан тексеруден өтпеді. Бұдан бөлек, Қорда жастар саясаты мен гендерлік теңдікке арналған бағдарламалар іске асырылып жатыр. Директорлар кеңестерінде, портфельдік компаниялардың Қадағалаушы кеңестеріндегі әйелдердің санын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Қор «Самұрық-Қазына» тобына кірмейтін компанияларға тәуелсіз директорлар ретінде тарту үшін көшбасшы әйелдердің пулын құрды. Ғибрат Ауғановтың айтуынша, жас көшбасшыларды дамытуға арналған «Жеті қадам» бағдарламасын 49 маман тәмамдады. «Олар бір жыл бойы Президенттік жастар кадрлық резервінің тәлімгерлерімен топтарға бөлініп жұмыс істеді. Осы топтардың әрқайсысы өткен айда өз жобаларын қорғады. Үздік деп танылған «Кәсіпорындарда көмірсутек ізін азайту жобасы» портфельдік компаниялардың бірінде жүзеге асырылады», – деді Ауғанов. Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында ПЖКР-нің 36 мүшесі қызмет етеді. «Самұрық-Қазына» қорының екі басқарушы директоры, оның ішінде Ғибрат Ауғановтың өзі, сондай-ақ «Тау-Кен Самұрық» Бизнесті дамыту жөніндегі бас директоры Нариман Абсаметов бар.

Олардың екеуі «Самұрық-Қазына» Қорында басқарушы директор қызметін атқарады. Соның бірі – Ғибрат Ауғанов. Сондай-ақ, Ауғанов Қордың қайырымдылық және әлеуметтік жобалары және «Қазақстан халқына» қорымен ынтымақтастық туралы айтты. Биыл сегіз айда Қамқоршылық кеңестің шешімімен 4 млрд 766 млн теңгеге 33 жоба мақұлданды. Осылайша, қайырымдылық жобалары 454 мың қазақстандықты қамтыды. «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры арқылы биыл қайырымдылыққа бөлінген қаражат – 10 млрд теңге. «Қазақстан халқына» қорымен бірге аутизм және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған орталықтар, сондай-ақ ерте араласу орталықтары ашылуда. Брифинг барысында жалпы саны жиырмадан асатын осы орталықтардың қай өңірлерде ашылатындығы мен дайындық деңгейі көрсетілді.

Сонымен қатар, Қор және оның портфельдік компанияларында мүгедектігі бар қызметкерлердің өмірін жақсарту бойынша шаралар қабылдануда. Бүгінгі таңда компаниялар тобында мұндай 2582 адам жұмыс істейді. «Ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер үшін қысқартылған жұмыс күні қарастырылған. Оларға арнайы жеңілдіктер беріледі, тіпті жеке автокөлікті сатып алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар бар. Жалпы, компаниялар тобында жұмысқа орналасудың және мансаптық өсудің тамаша кейстері бар», – деді Ауғанов. Сондай-ақ, Ғибрат Ауғанов Әлеуметтік тұрақтылықты бақылау орталығының жұмысымен таныстырды. Онда 24/7 режимінде 5 байланыс арнасы арқылы әлеуметтік шиеленіс пен жұмыстағы қақтығыстардың туындау алғышарттары немесе фактілері туралы деректерді жедел жинау және талдау жүргізіледі. 2023 жылдың 8 айында «Нысана» байланыс орталығына 14 мыңнан астам анонимді хабарлама келіп түскен. «Біздің жүйеміздің басқалардан артықшылығы – дәл осы анонимділігі, байланыс арналарының көптігі, операторлардың 24/7 байланыста болуы және әр өтініштің міндетті түрде қаралуында. Деректерді жинау, талдау және бақылау, тараптармен жұмыс және портфельдік компаниялар мен Қордың омбудсмендері мен медиаторларын тартудың арқасында даулы жағдайлардың шиеленісуіне жол берілмеді», – деді Ауғанов. Ол кәсіпорындардағы ереуілдер саны биыл 5,5 есе азайғанын ерекше атап өтті. Брифинг соңында барлық ниет білдірушілерге нақты уақыт режимінде Әлеуметтік тұрақтылықты бақылау орталығының жұмысымен танысу ұсынылды.

Ақпарат көзі: «Самұрық-Қазына» АҚ