«Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы ЕО мен ЕҚДБ-дан сирек кездесетін және сыни металдар саласындағы жобалар бойынша техникалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарына грант алады

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ, Еуропалық комиссия және Еуропалық қайта құру және даму банкі «Шикізат жобаларын техникалық қолдау жөніндегі ниеттер туралы мәлімдемеге» қол қойды.

Брюссельдегі Шикізат апталығына қатысу барысында қол қойылған құжатқа сәйкес ЕО мен ЕҚДБ Арал теңізінің сорларынан литий алу және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орынын игеру сияқты екі жоба бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге 400 000 еуро көлемінде грант бөледі.

Литий бойынша жоспарланған жұмыстар, оның ішінде перспективалы учаскелерді айқындауды, топырақ сынамаларын іріктеуді, зерттеудің оңтайлы әдістерін таңдауды және алынған сынамаларды талдамалық түсіндіруді қамтиды. Жобаны іске асыруға отандық мамандар мен ғылыми-зерттеу орталықтары тартылады.

Литий – жоғары технологиялық салаларда өте қажет металл, әлемде өндірілетін барлық литийдің жартысынан астамы батареялар мен аккумуляторлар өндірісінде пайдаланылады. Сорлардан литий өндіру Қазақстанды стратегиялық маңызды ресурстарды жеткізу тізбегінің басты қатысушыларының бірі ете алады.

Вольфрам жобасы бойынша ірілендірілген-зертханалық сынақтардың негізгі міндеті – вольфрамды баланстан тыс кендерден алу пайызын арттыру, бұл Жоғарғы Қайрақты  кен орнын игерудің экономикалық тартымдылығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Бір мезгілде баланстан тыс қорларды байытудың технологиялық процесіне суды айналымдық пайдалану енгізілуі тиіс, бұл әсіресе су ресурстары тапшылығы бар Қазақстан үшін өзекті.